Жанат Елшібек: Әрбір жан өз отбасынан бастауы керек
Публицист Жанат Елшібек көрші Ресейдегі саяси жағдайдың біздің елімізге әсері туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elorda.info.
-->Публицист Жанат Елшібек көрші Ресейдегі саяси жағдайдың біздің елімізге әсері туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elorda.info.
Қазір әлемдегі геосаяси ахуал ушығып тұрғаны бәрімізге белгілі. Көрші тұрған Ресейдің де жағдайы мүшкіл. Бізді паналап келіп жатқандар көп. Осы тұрғыда қоғам пікірі екіге жарылды. Бірі – қолдаса, екіншісі жақтырмай жатыр. Менің айтарым, бұл мәселеде сабырлылық танытуымыз керек. Қазақта «Сабыр түбі сары алтын» демей ме? Әліптің артын бағып, асығыстық жасамай, сабыр сақтайық.
Екіншіден, «Көршіңмен тату болсаң, үйіңе жау тимейді» дегендей, көршілес мемлекетпен достастығымызды сақтауымыз керек. Шыны керек, кең-байтақ еліміздің шекарасын анталаған жаудан қорғау да оңай емес. Сол себепті екі ел арасындағы достықты сақтайық, адамгершілік танытайық.
Оның үстіне, сырттан келген емес, іштен шыққан жаудан қорқу керек. Тіліміз, дініміз ұмыт болмасын десек, әуелі өз отбасымыздан бастайық. Жанұяңда қазақша сөйлесең, ұрпағың қазақы құндылыққа қанып өссе, болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жетісу облысына барған сапарында осыны меңзеді. Расымен, өз қасиетімізді қадірлей алмасақ, біздің өркениеттігіміздің қайда қалғаны? Киелі жеріміз, еліміз өзімізден басқа ешкімге керек емес. Соны қадірлей білейік. Ал Отан – отбасынан, отбасы ошақ қасынан басталады.
Халық қаңтар қасіретінен сабақ алды. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Алда әлі талай сын-қатерлер мен кедергілер болады. Отаншылдық рухымызды көтеріп, еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтуымыз керек. Біздің бірлігіміз – әралуандықта, осыны ұмытпайық.
Бұл жайында өткенде Астана Діндер съезінде де айтылды. Қазақстанға бейбітшілік елшісі ретінде келген Рим Папасы Франциск мынадай әдемі ой айтты: «Сіздерде «Береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе, осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан». Көпұлтты мемлекет бола тұра, ынтамағымыз ажырамай, бейбітшілікте өмір сүре берейік,- деді публицист.