Өзгерістер енгізілетін Ата заңымыз жаңа дәуірдің құнды құжаты болмақ – Дихан Қамзабекұлы
Дихан Қамзабекұлының айтуынша, референдум қазақстандықтарға елдің Ата заңына өзгерістер енгізуге азаматтық позициясын білдіріп, таңдау жасауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ ол толықтырулар мен өзгерістер енгізілген Ата заңымыз жаңа дәуірдің құнды құжаты болатынын айтты.
-->Дихан Қамзабекұлының айтуынша, референдум қазақстандықтарға елдің Ата заңына өзгерістер енгізуге азаматтық позициясын білдіріп, таңдау жасауға мүмкіндік берді.
Кешегі Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша өткен референдум саны жағынан да, сапасы жағынан да жоғары көрсеткіш көрсетті. Белгілі болғандай, дауыс беруге құқылы азаматтарымыздың 68 пайызы референдумға қатысқан. Олардың 80 пайызға жуығы Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістерді қолдаған. Бұл – өте маңызды кезең. Халқымыз жаңа өмірге қадам басты. Референдумның әділ әрі ашық өткенін халықаралық сарапшылар мен шетелдік бақылаушылар да айтты. Халық өз таңдауын жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдады. Байқағанымдай, елордалық тұрғындардың да белсенділігі өте жоғары болды. Жастардың барлығы жаңаруға мүдделі. Жаңарудың жолында еңбек етуге мүдделі. Сондықтан да референдумға келіп, азаматтық белсенділік танытты. Біз ел дамуындағы жаңа кезеңге аяқ бастық. Басты мақсатымыз – мемлекеттілігіміз бен Тәуелсіздігімізді нығайту, заң үстемдігі салтанат құрған әділетті Қазақстан құру және азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Осы мақсаттарға жету жолында негіз болатын маңызды шешім қабылданып отыр, – деді Дихан Қамзабекұлы.
Сондай-ақ ол толықтырулар мен өзгерістер енгізілген Ата заңымыз жаңа дәуірдің құнды құжаты болатынын айтты.
Ата заң орнықты, тұрақты болуы тиіс. Бірнеше бағыт бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Онда суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік-парламенттік басқаруға түбегейлі көшу, билік өкілеттілігін бөлу, Парламенттің рөлін күшейту, елді басқаруға халықты тарту, азаматтардың құқықтарын қорғау секілді тармақтар қамтылған. Олардың барлығы халыққа түсіндірілді. Халықтың көңілінен шықты. Бұл бағыттағы жұмыстар алда жалғасын табады деп ойлаймын. Ата заң – біздің басшылыққа алатын темірқазығымыз. Конституциямыз жаңарады. Жаңа буын келіп, Ата заңды байыптауды, оның құндылықтарын жалғастыруды өздеріне басшылық етіп алады. Бұл жаңа дәуірдің құнды құжаты болмақ. Жаңа құжат арқылы мемлекеттік дамуды жалғастырамыз, - деді Еуразия ұлттық университетінің проректоры.