Қоғам

Сенатор оқушыларды «өмірлік дағдыларға» үйретуді ұсынды

Сенатор Жанна Асанова депутаттық сауал жолдап, жастарды өз бетінше өмір сүруге дайындау мақсатында мектеп бағдарламасына өмірлік дағдылар бойынша курстар енгізуді ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

СЕНАТОР НЕ ДЕДІ

Оның сөзіне сенсек, отбасыдағы жанжал мен зорлық-зомбылық жастардың «тұрмыстық өмірге дайын болмауымен» байланысты көрінеді. 

Сондай-ақ депутат қазіргі балалардың көп уақыты сан әлемінде өтетінін, соның салдарынан өз бетінше өмір сүру үшін қажетті негізгі тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларды меңгеру деңгейі төмендеп бара жатқанын, мектепте тәжірибелік дағдыларды меңгермеу балалардың жеке дербестігіне ғана емес, отбасылық институттың тұрақтылығына да әсер ететінін айтады.

«Базалық қабілеттерді меңгермеуі отьасылық институттың тұрақтылығына да байланысты. Жастар отбасы құратын кезде шаруашылықты жүргізуге дайын болмайды. Қарапайым тұрмыстық қарым-қабілетті меңгермейді. Бұл өз кезегінде жанжал мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеп соғады. Нәтижесінде ажырасу саны артып, қанша бала толық емес отбасыда тәрбиеленіп жатыр», – деді Жанна Асанова.

ДЕПУТАТТЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Сенатор осыған байланысты орта және жоғары сынып оқушыларына арналған өмірлік маңызы бар дағдыларды дамытатын пәндерді оқу бағдарламасына енгізуді ұсынды.

«Балалардың күннің көп бөлігін мектепте өткізетінін ескере отырып, орта және жоғары сыныптарға қосымша пәндерді енгізу орынды болар еді. Бұл пәндер тұрмыстық дағдыларды, ағаш шебері мен ұсталық өнерді, алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайлардағы қауіпсіздік ережелерін, өзін-өзі қорғау негіздерін, сондай-ақ құқықтық және қаржыға сауатты болуды қамтуы тиіс. Сонымен қатар қаржыға сауатты болуды бастауыш сыныптан бастап оқыту
қажет», – деді депутат.