Мемлекеттік еңбек инспекторлары 10 мың жұмысшының құқығын қорғады
Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуын тұрақты түрде бақылайды. 2025 жылдың 3 айында олар 1 332 тексеру жүргізіп, 1 616 еңбек бұзушылығын анықтады. Қазіргі таңға олардың 71%-ы жойылды. Жұмыс берушілерге 832 ұйғарым беріліп, 98 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а. Ерболат Абулхатин ОКҚ брифингінде мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 396 млн теңгеге тең жалақы берешегі анықталып, мемлекеттік еңбек инспекторлары 242 млн теңге өндірді. Жалпы, бақылау шараларының нәтижесінде 10 мың жұмыскердің құқығы қорғалды.
«Қазіргі таңда кәсіпорындар туралы өзекті ақпаратты нақты уақыт режимінде мониторинг жасау және қауіптердің бар-жоғын бақылау мақсатында Цифрлық еңбек тәуекелдері картасы табысты жұмыс атқаруда. Бұл карта Еңбек министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың 20-дан астам ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтерді біріктіреді. Онда тексерулер, жазатайым оқиғалар, жалақының уақытында төленбеуі, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, медициналық сақтандыру, жұмыс берушіге бекітілген оңалту шараларының орындалмауы, өндірістік жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының болуы және басқа да деректер қамтылған», – деді Ерболат Абулхатин.
Аталған модуль арқылы мемлекеттік еңбек инспекторы кәсіпорын туралы толық ақпаратқа қол жеткізеді. Атап айтқанда тәуекел деңгейі, қызметкерлердің саны, олардың қозғалысы, еңбек бұзушылығы туралы мәліметтер. Жалпы, Еңбек қатерлер картасы шеңберінде 92 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты негізінде бақылауда тұр. Қолданылған шаралар негізінде жыл басынан бері 500-ден астам кәсіпорын жоғары қауіпті деңгейден шығарылды. Қазіргі таңда қаупі жоғары деңгейде тұрған 1 мың 500 кәсіпорын бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осымен бірге, еңбек дауларының алдын алу және оларды болдырмау бойынша арнайы алгоритм жасақталған. Аталған алгоритм шеңберінде еңбек дауы орын алған кезде оны шешу жолдары көзделген.
Алгоритм шеңберінде еңбек даулары орын алған кәсіпорын басшылары тұрақты негізде әлеуметтік әріптестік жөніндегі өңірлік үш жақты комиссия отырыстарында тыңдалады. Жыл басынан бастап ел аумағында 300-ден астам осындай отырыс өткізілді.
hr.enbek.kz порталында жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 45 мыңнан астам адам өзін-өзі тексеруден өтті.
Қолданылған жұмыстар шеңберінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда еңбек дауларының саны 9-дан 6-ға дейін төмендеді.