Халқымыздың азаттығы мен егемендігін айқындаған тарихи дата - Зулфухар Ғайыпов
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов 25 қазан - Республика күнінің мән-маңызы туралы пікір білдіріп, барлық қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Кез келген мемлекеттің дамуы мен қалыптасу тарихында ерекше бір кезеңдер болады. Қазіргі еліміздің тарихында сондай кезеңдердің бірі – Тәуелсіздік кезеңі. Ол қандай ерекшелік деген сұраққа келсек, ол уақыт жағынан өте қысқа, ал мазмұны мен мәні жағынан тым тереңдігінде жатыр.
Қазақ елі өз Тәуелсіздігін жариялағалы 30 жылдан енді ғана асты, яғни бұл ғасырдың үштен біріндей ғана уақыт. Осы бір қысқа тарихи кезеңдегі еліміздің қай салада болмасын, қол жеткізген жетістіктері мен табыстары толағай теңіз. Әрине, осы жетістіктер мен табыстардың бастауы болған ол - Егемендік декларациясы. Егемендік декларациясы бізге азаматтық бостандықты алып келді», - деді ол.
Сондай-ақ ол астаналықтар және елорда қонақтарын 25 қазан - Республика күнімен шын жүректен құттықтады.
«Бұл күн – еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының бастауы, халқымыздың азаттығы мен егемендігін айқындаған тарихи дата.
Республика күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде ерекше орын алатын, елдік пен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың мерекесі. Ендеше, баршаңызды осы ұлық мерекемен құттықтай отырып, тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, рухы асқақ, мәртебесі биік болсын, егемен еліміздің еңсесі ешқашан түспесін, әрбір шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ сыйласын деп тілеймін!», - деді Зулфухар Ғайыпов.