Қоғам

«Хабар» Агенттігінде зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті

Қазақ телевизиясындағы рухани-мәдени бағыттағы контенттер тақырыбына арналған кездесуге мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай, Еркін Әбіл, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл, белгілі журналист Зейін Әліпбек, кино және театр актері, драматург Нартай Сауданбекұлы, «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек сынды зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгінгі медиа саласындағы, соның ішінде телевизиядағы рухани-мәдени, тарихи бағытта атқарылып жатқан жұмыстар сараланған отырыста қатысушылар өзекті тақырыптар бойынша ой бөлісіп, келелі ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды насихаттаудағы «Хабар» Агенттігінің рөлі, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен жобаларға жоғары баға да берілді.

Елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуында өзіндік үлесі бар «Хабар» арнасы биыл 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осы орайда «Хабардың» мәдениетті насихаттаудағы рөлі айрықша екені анық. «Хабар» қоржынындағы бай қор цифрлық дәуірде мәдени мұраны сақтай отырып, өткен мен болашақтың арасындағы алтын көпірге айналды. Тек былтырдың өзінде 30 деректі фильм түсірілді. Олар тарихи атаулы күндер мен еліміздің көрнекті тұлғаларына арналды.

Мысалы, С. Сейфуллиннің 130 жылдығына орай - «Сұңқардың соңы», І. Жансүгіровтің 130 жылдығына орай - «Құлагер», Б. Майлиннің 130 жылдығына арналған - «Жолаушы жолы», Н. Оңдасыновтың 120 жылдығына орай – «Замана заңғары», Ә. Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай – «Абыз ғұмыр» және басқа да көптеген фильм түсіріліп, эфирге шықты. Бұл туындылар тек маңызды тарихи оқиғалар туралы ақпарат беріп қана қоймай, ұлттың қаймақтарын, беткеұстар тұлғаларын кейінгі буынның есіне салу, тарихта қалдыруды мақсат еткен. Биыл да «Хабар» Агенттігі 32 деректі фильмнің өндірісін жоспарлап отыр.

Кездесу барысында жас буын тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын танымдық бағыттағы бағдарламаларды көбейту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Бұған қоса, «Хабар» Агенттігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай атқарылып жатқан жоспарлар мен іс-шаралар да талқыланды. Бұл белес – «Хабар» Агенттігі үшін үлкен жетістік әрі болашаққа бағытталған жаңа қадамдар жасауға мүмкіндік беретін маңызды кезең. 

Әріптестеріміз алдағы уақытта да қазақ телевизиясының дамуына үлес қосып, ел руханиятын көтеру жолында бірлесе жұмыс істей беретіндерін айтады.