Қоғам

Ерлан Қошанов: Республика күні – әрқайсымыздың жүрегіміздің төрінен ерекше орын алатын мереке

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауы:

Құрметті отандастар!

Баршаңызды еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Республика күні – әрқайсымыздың жүрегіміздің төрінен ерекше орын алатын, Отанға деген сүйіспеншілігімізді оятатын, береке-бірлігімізді бекемдейтін мереке.

Осыдан тура 35 жыл бұрын 25 қазанда халқымыз азаттық жолындағы бетбұрысты кезеңге қадам басып, Егемендік туралы декларация қабылдады. Сөйтіп, Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуының негізі қаланды.

Бабаларымыздың ғасырларға ұласқан аңсар арманы бүгінгі ұрпақ үшін ақиқатқа айналып отыр.

Ендігі мақсат – бірлігімізді бекемдеу, елдігімізді нығайта түсу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың барлық бастамалары мен іргелі реформалары осыған бағытталған.

Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау, оны баянды ету жолында бар күш-жігерімізді жұмылдыру, өркениетті, әділетті қоғам құру – бәріміздің қастерлі борышымыз.

Осы мерейлі сәтте әр шаңыраққа бақ-береке, амандық тілеймін!

Республикамыздың айбыны асқақтап, мәртебесі биіктей берсін!