Қоғам

Биыл әлеуметтік инспекторлар 200-ден астам тексеру жүргізді

Жыл басынан бері әлеуметтік инспекторлар 218 тексеру жүргізді, оның 99-ы жоспардан тыс, 42-сі – профилактикалық бақылау шеңберінде, 77-сі – прокуратураның талабы бойынша өтті. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 94 ұйғарым берілді, 18,4 млн теңгеден астам сомаға 62 айыппұл салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер – 6, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 44, мемлекеттік мекемелер – 27, балабақшалар – 6, мектептер – 21, колледждер, лицейлер – 5, ауруханалар, емханалар – 11, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – 3, автобус парктері, авто/темір жол вокзалдары, әуежайлар – 7, ДК – 12, дүкендер – 16, сауда үйлері – 12, кафелер, мейрамханалар, қонақүйлер – 10, полиция пункті – 1, стоматология – 3, кітапхана – 1, мәдениет үйлері – 4, мұрағаттар мен мұражайлар – 1, санаторийлер – 3, пошта қызметі бөлімшесі – 1, спорт мектептері – 6, нотариус – 1, өзге де 17 объекті қамтылды.

Мәселен, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті жеке тұлғаның өтініші негізінде Көкшетау қаласындағы мектепте мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл ретте әлеуметтік инспекторлардың айтуынша барлық өңірлерде мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеудегі оң өзгерістер бар. Мұны ерекше қажеттіліктері бар адамдар да растайды.

«Жыл сайын мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімділік жағдайлары жақсарып келеді. Объектілердің иелері мен кәсіпкерлердің ерекше қажеттіліктері бар адамдарға деген құрметі мен жауапкершілігі көңілге айрықша медет береді. Жаңа нысандар мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді екенін, барлық санаттар үшін қолжетімділік қарастырылғанын, пандустар, баспалдақтардағы тұтқалар, тактильді құралдар, лифттер бар екенін атап өткім келеді. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған нысандар да келушілер үшін ыңғайлы бағдарланған, бізге де өте қолжетімді. Мәселен, Көкшетау қаласының Орталық базарына күрделі жөндеу жүргізілді, егер бұрын бұнда қолжетімділік айтарлықтай қиындық тудырған болса, қазір оған ешбір сүйемелдеусіз кіруге болады, тіпті екінші және үшінші қабатта да лифт бар. Қазіргі уақытта мемлекет көрсететін көптеген қызметтерді ХҚКО-дан алуға болатыны белгілі, ол жерде де қолжетімділік барынша қамтамасыз етілген, пандустары ыңғайлы, есіктері кең, кедергі келтіретін табалдырықтар мүлдем алынып тасталған», – деп өз ойымен бөлісті бірінші топтағы мүгедектігі бар Көкшетау қаласының тұрғыны Талғат Уаисов мырза.