«Ата заңның арқасында ардагерлеріміз белсенді өмір сүріп жатыр» - Қарлығаш Құспан
Ата заңымызда адам мен адамзаттың бостандықтары мен құқықтарына зор мән берілген. Оның ішінде қарттарды мемлекеттік қолдауға ден қойылған. Бүгінгі күнде құрметті жастағы азаматтарымыз өмірдің сан саласындағы игіліктерді пайдаланып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асырып жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қалалық ардагерлер медиатобының мүшесі Қарлығаш Құспан пікір білдіріп, еліміздің бас құжаты саналатын Конституцияның 30 жылдық айтулы күнін Астана қаласы ардагерлер кеңесі ел өміріндегі мәртебелі оқиға ретінде бағалайтынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Тәуелсіздіктің тұғыры болған Конституция - Қазақстан халқының, әр адамның әлеуетті өмір сүруіне еркіндіктер мен мүмкіндіктер беріп, олардың азаматтық құқығын қорғауды қамтамасыз етіп отыр.
Бұл игіліктің шарапатын елордамыздағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарындағы қарттарымыздың белсенділігінен де тануға болады.
Астана қаласының 144 мың зейнеткерінің 89 пайызы - қаланың 6 ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының белсенділері. Оларға 25 түрлі ақысыз қызмет көрсетіледі. Зейнеткерлердің барлығы қала ішіндегі қоғамдық көлікте тегін жүреді. Денсаулық сақтау саласымен келісе отырып, геронтологиялық кабинеттер ашылды. Бұл жерде зейнеткерлер кезексіз қабылданып, қажетті дәрігер мамандарға бағытталып отырады. Сондай-ақ санаториялық емдеу алудың да аясы біршама кеңи түсті. Қазір зейнеткерлер жеңілдікпен шипажайларға бара алады. Оның ішінде «Сарыағаш», «Айша бибі», «Қатаркөл» сияқты орындар бар. Осындай маңызды істерді ұйымдастырып отырған Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловке ардагерлер дән риза. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулқабден және Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловпен 2025-2029 жылдар аралығына жасалған кешенді жоспар бекітіліп, көптеген игілікті жұмыс атқарылып отыр. Оны жүзеге асыруда БҰӨСО орталығының директоры Мұхтар Еркетаев бастаған орталықтар қызметкерлері тынымсыз еңбек етіп жатыр», - деді Қарлығаш Бәкенқызы.
Спикер Ата заңымызда Қазақстан халқы, оның әрбір азаматы еңбек етуге, демалуға, өзінің сүйікті ісімен айналысып, оны дамытуға құқылы екені айтылғанын, осыған орай елімізде зейнеткерлерге де Конституциямызда жазылған баптарды еркін пайдалануға толық мүмкіндік жасалып отырғанын айтты.
«Ардагер зейнеткерлер өз пікір-ұсыныстарын баспасөз бетінде, әлеуметтік желілерде жариялауға құқылы. Жариялап та жүр. Әр ауданның ардагерлер кеңесінде медиатоптар жұмыс істейді. Онда ардагер журналистер белсенді ардагерлердің үлгілі істерін жариялап, ұрпаққа үлгі етіп жатыр. Сөйтіп, олар ұрпақ сабақтастығын нығайта түсуде. Конституцияның арқасында мемлекеттің қорғауында жүрген ардагерлер екінші тыныстарын ашып, ұзақ өмір сүрудің мүмкіндіктерін пайдаланып келеді. Міне, осындай арқа тұтатын Ата заңымыздың айбыны арта түсуіне, мемлекетіміздің тұғыры берік болуына ардагерлер әрқашан дайын. Мемлекет басшысының саясатын қолдап, еліміздің берекесі мен бірлігін нығайтуда қатардан қалмай, әрі қарай да үлес қоса беретін болады», - деді ол.