Жолдау

Жолдаудағы басым бағыттар өңірлердің дамуына серпін береді – астаналық депутат

Еліміздің дамуына бағыт-бағдар беретін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мұнда айтылған барлық бағыттардың дамуы еліміздің ертеңгі тағдыры үшін – өте маңызды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының депутаты Бекзат Жолжақсынов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутат Бекзат Жолжақсынов осы жолғы Жолдауда өңірлерді дамытуға басымдық беріліп отырғанын айтты.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында әр салаға айрықша тоқталды. Солардың бірі – медицина саласы. Президент өңірлерде салынған көпбейінді ауруханаларды ұзаққа созылған бюрократиялық рәсімдерсіз іске қосу қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері аясында жеке инвестицияны да тарту керек» деді. Расымен де, бұл өңірлердің дамуына серпін береді әрі халықтың ірі мегаполистерге, әсіресе Астанаға көшуін азайтады. Жалпы осы саланы жаңғыртуға бағытталған бастамалар – ел тұрғындарының өмір сапасын жақсартуды мақсат ететін стратегиялық қадамдар», - деді депутат.

Елде жол-көлік апаттары санының көбеюі –  қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.

«Президент Жолдауында халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін түйткілдің бірі бұл жол қауіпсіздігі екенін айтты. Бастысы бұл мәселеге арнайы тоқталып, әр адамның өз өміріне ғана емес, басқа адамдардың қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарауы қажет екенін ерекше атап өтті. «Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес», - деді Президент. Мемлекет басшысы атап өткендей, көлік тізгіндеушілердің көбі қарапайым жол ережесін сақтамай, жауапсыздық танытады», - деді спикер.

Оның айтуынша, жылдамдықты асырмау, жол ережесін бұзбау – жүргізушілер үшін басты талап. Сонымен қоса, қоғамда көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру тек мемлекетке емес, бүкіл халыққа ортақ міндет екенін ұмытпаған жөн.

«Сондай-ақ электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат», - деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Депутат жоғары жылдамдықпен жүру жол апатына жиі себеп болатынын тілге тиек етті. 

«Жақында Астанада болған жол апаты бұл жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсеткені рас. Әлеуметтік желіде тараған видеода бағдаршамның жасыл түсіне өткен электросамокат жүргізушісін автокөлік қағып кеткен болатын. Жалпы күнделікті өмірде әлеуметтік желі арқылы осыған ұқсас видеоларды яғни жүгенсіз көлік жүргізушілерінің самокат тізгіндегендерді қағып кетіп жатқанын көріп-естіп жатырмыз. Президенттің айтуынша, қазіргі таңда жоғары жылдамдықпен жүруді жаман әдетке айналдыру нәтижесінде елімізде жантүршігерлік жол апаттарының саны азамай тұр.  Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл мәселе ұсақ-түйекке жатпайды. Әр азаматтың өмірі – қымбат. Сондықтан оны қорғау – барлығымыздың ортақ борышымыз», - деді ол.

Депутат Бекзат Жолжақсынов Жолдауда Президент айтқан Бас прокуратура жанындағы Заңсыз активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп атау туралы шешімнің маңызы зор екеніне тоқталды. 

«Бұл – дұрыс шешім. Себебі бұл өзгеріс комитеттің негізгі миссиясын айқындап береді және бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға сеп болады. Мұндай бастама комитеттің жұмысын жаңа деңгейге көтереді, еліміздегі инвестициялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.  Бұл тек заңсыз активтерді қайтару ғана емес, сондай-ақ инвесторлардың құқығын қорғау арқылы әділетті бизнес орта қалыптастыруды мақсат етеді. Ел эконмикасының тұрақты дамуы үшін шағын және орта бизнестің рөлі айрықша. Бұл туралы Президент өз Жолдауында баса айтты. «Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес», - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде», - деді мәслихат депутаты.

Сондай-ақ ол Жолдауда Президент мемлекет пен бизнес арасындағы ашық қарым-қатынастың маңыздылығын атап өткенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет адам жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды» деді.

«Жолдауда Президент бизнес үшін заңнаманы жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді азайту, салық мәдениетін дамыту бағытында Үкімет пен Парламентке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жалпы кәсіпкерлік сектордың дамуын қолдау, салық жүйесінде ашықтықты қамтамасыз ету, өндіріс үлесін арттыру бұл еліміздің экономикасын арттыруға бағытталған қадамдар. Түйіндей келе айтарым, Президент Жолдауына қолдау көрсетіп, ондағы басты міндеттердің орындалуына үлес қосуымыз қажет», - деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Бекзат Жолжақсынов.