Жолдауда көрсетілген басымдықтар – жаңа даму кезеңінің негізі – Елнұр Бейсенбаев
Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Жолдауға қатысты ойын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депуттатың айтуынша, Жолдауда елдің алдағы даму бағытын айқындайтын негізгі басымдықтар анықталды. Бұл жай бағдар емес, нақты іс-қимыл жоспары деуге болады.
Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – цифрландыру мен жасанды интеллектің негізгі өзек құрап жатуы.
Бұл ретте, Мемлекет басшысы атқарушы билікке үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Өйткені цифрландыру мен жасанды интеллект – тек заман талабы емес, экономикалық қуат пен ұлттық қауіпсіздіктің кепілі. Осыған байланысты Жолдауда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажеттігі айтылды. Жаңа ведомствоны вице-премьер мәртебесіне ие тұлға басқарады, бұл оның стратегиялық маңызын айқын көрсетеді.
Әлемдегі геосаяси жағдайлар жаңа инвестициялық саясат құрудың өзектілігін көрсетіп отыр. Президент енді тартылған қаржы тек шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологияға бағытталуы тиістігін айтты. Шағын және орта инвестордың бастамасына жол ашу, оларға қолдау көрсету – Үкімет пен Парламенттің басты міндеті саналады.
Депутат сондай-ақ еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуы туралы ойларына қатысты айтты.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Мемлекет басшысы осы салаға да баса мән беріп, агрохабтар құру, аграрлық ғылымды жетілдіру, ұлттық өнімді сыртқы нарыққа шығаруды агросаланың басым бағыттары ретінде белгілеп берді. Сондай-ақ қайтарылған жерді иесіз қалдырмай, толық айналымға енгізуді тапсырды.
Қазақстанның Еуразияның кіндігінде орналасуы көлік-логистикалық әлеуетті толық пайдалануды талап етеді. Транзиттік держава болу үшін жаңа дәліздер, теміржол және автожол желілерін салу, әуе жүк тасымалын дамыту – стратегиялық міндет. Президент бұл салада да жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Мемлекет басшысы су ресурсы саласындағы түйткілді мәселелерді дер кезінде шешудің, әлеуметтік саладағы қордаланған проблемаларды еңсерудің ерекше маңызын атап өтті.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, Парламенттің алдында зор міндет тұр.
Қысқа мерзімде Цифрлық кодекс, Құрылыс кодексі, Банктер туралы жаңа заң, Alatau City туралы арнайы заң қабылдау қажет. Бұл – Президенттің нақты тапсырмасы.
Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – жер қатынастары саласындағы заңнаманы жаңарту мен киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін заңдарды жетілдіру. Геологиялық барлау мен жер қойнауын игеру саласындағы реформаны заң жүзінде және іс жүзінде аяқтау маңызды. Сондай-ақ, отандық өнім өндірушінің құқығын заңнамалық тұрғыда қорғау, Мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңарту, шағын және орта бизнес саласын реттейтін кодекстер мен заңдарды жүйелеу – алдағы кезеңнің басым міндеті.
Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген маңызды бастамасының бірі – бір палаталы Парламент құру. Президент оны бір жыл бойы қоғаммен, сарапшылармен және саяси партиялармен ашық диалог аясында талқылауды ұсынды. Ол 2027 жылы жалпыұлттық референдум арқылы шешілмек.
Депутат жалпы Жолдауда көрсетілген басымдықтар – жаңа даму кезеңінің негізі екенін атап өтті.
Бұл – еліміздің ортақ болашағы үшін маңызды стратегиялық бастамалар екені анық.