Жолдау

Жолдауда айтылған әрбір бастама еліміздің дамуына серпін береді – мәслихат депутаты

Астана қалалық мәслихатының VIII сайланым депутаты Қанат Естек Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде жеке құраммен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиын барысында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған негізгі бастамаларды талқылап, олардың маңыздылығына тоқталды. Қанат Ғалымжанұлы өз сөзінде Президенттің әлеуметтік-экономикалық реформалары, жастарды қолдау, ұлттық қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ әділетті қоғам құруға бағытталған шаралар жөнінде жан-жақты түсіндіріп өтті. Сондай-ақ Президент айтқан Заң мен тәртіп қағидатын қалыптастыруда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің атқаратын қызметін айрықша атап өтті.

«Жолдауда айтылған әрбір бастама – еліміздің дамуына серпін беретін маңызды қадам. Біз, халық қалаулылары, осы өзгерістерді халыққа жеткізіп, түсіндіру арқылы қоғамның әрбір мүшесін елдік іске жұмылдыруға тиіспіз. Әсіресе, ел қорғаны болып отырған сіздерге – әскери қызметкерлерге артылатын сенім зор. Сіздер елдің ішкі тұрақтылығын сақтауда зор маңызға иесіздер. Президент бастамаларының табысты жүзеге асуы сіздердің де еңбектеріңізбен тікелей байланысты», - деді.

Кездесуде депутат әскерилердің сұрақтарына жауап беріп, олардың ой-пікірін тыңдады.

Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының бастамаларын кеңінен насихаттап, қоғамдағы әрбір азаматтың еліміздің өркендеуіне белсенді үлес қосуына ықпал ету.