Жолдау әрқайсымыздың ойымызға серпін берген құжат болғаны сөзсіз – Ержан Хамитов
Бүгін елорданың «Сарырқа» ауданы әкімдігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бағыттарды түсіндіру бойынша аудан белсенділерімен кездесу өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Сарыарқа» ауданы активі еліміздің белсенді активі ретінде Мемлекет басшысының бастамалары мен саясатын аудан халқына дұрыс түсіндіру ісіне белсене атсалысуымыз қажет. Жолдаудағы негізгі бағыт – қазақстандықтардың барлық саласында ЖИ біртіндеп дамыту, бизнес процестерді дамыту», - деді «Сарыарқа» ауданы әкімі Жанасыл Шәукентаев.
Кездесу барысында Жолдаудағы негізгі бағыттар талқыланды.
«Мемлекет басшысы Жолдауында жасанды интеллект, цифрлық даму елдің дамуындағы айқындаушы рөл атқаратыны туралы айтып өтті. Бүгінде цифрлық технологиялар көптеген мәселелердің экономикалық, әлеуметтік тұрғыда дамуына септігін тигізуде. Технологиялар ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды сақтап қалуда үлкен рөл ойнайды. Зиялы қауымның сізбен ЖИ арқылы сөйлесуіне технологиялар үлесін қосады», - деді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мейірбек Мұхатов.
Аудан әкімінің айтуынша, Президент адам ресурсын дамытудың маңыздылығын мектеп қабырғасынан бастауды ерекше атап өтті. Осы жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Мемлекеттік институттар мен қоғам тарапынан сапалы техникалық білім беруді, сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қоғамның дамуы және оның ел экономикасына қосқан үлесі мемлекеттік саясаттың басты аксиомасы.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің болашақ бағытын айқындап, әрқайсымыздың ойымызға серпін беретін құжат болғаны сөзсіз. Ел Президенті өз Жолдауында адам ресурстарын дамытуға ерекше тоқталды. Жас ұрпақтың кәсіби бағдарға ерте бейімделуі, көшбасшылық пен сыни ойлау қабілеттерін дамыту елдің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Бүгінде патриотизм құр ұран емес. Ол - елге пайдасы тиетін жаңа іс бастау, жаңа технологияны игеру, қоғамды алға жетелейтін тың идея ұсыну. Осы тұрғыда жастарға арналған нақты жобалар да Жолдауда аталды. Мысалы, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 845 мың адамның қаржылық сауаттылығын арттырды. Әлемде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге тез бейімделетін де жастар. Сондықтан олардан күтілетін басты міндет – тек тұтыну емес, жаңа идеяның авторы болу», - деді Amanat партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитов.