Президент Жолдауындағы негізгі бастамалары Иранда талқыланды
Қазақстанның Ирандағы елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға ирандық сарапшылар қауымдастығының өкілдері мен жергілікті БАҚ журналистері қатысты.
Қазақстанның Ирандағы елшісі Оңталап Оңалбаев Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: қазіргі сын-қатерлер және цифрлық трансформация арқылы оларды шешу жолдары» атты Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, қатысушыларға елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар туралы ақпарат берді.
Жиналғандар бір палаталы парламентке көшу, жасанды интеллект және цифрлық даму бойынша жеке ведомство құру, экономиканы әртараптандыру, атом электр станцияларын салу, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік саланы қолдау сияқты басымдықтарға ерекше назар аударды.
Қазақ дипломаты Жолдауда көтерілген маңызды тапсырмаларды орындау шетелдік инвесторлар үшін кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Иран кәсіпкерлерін елімізде бірлескен жобаларды іске асыру арқылы екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Бұл екі ел үшін басым секторлар – бірінші кезекте көлік, логистика және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін толық әрі тиімді пайдалануға септігін тигізбек.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстандағы өзгерістерге үлкен қызығушылық танытып, Президент Жолдауында көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтті.
Ирандық сарапшылардың пікірінше, жоғарыда аталған құжаттағы бастамалар мен реформаларды уақытылы іске асыру Қазақстанның орнықты және қарқынды дамуына тың серпін береді.
Олар Жолдаудың жүйелі, кешенді сипатына назар аудара отырып, онда белгіленген нақты міндеттер табысты іске асырылатынына сенім білдірді.