Жолдау

Президент АЭС-ке қатысты шешімді халықтың өзіне қалдырып отыр

Белгілі сарапшы-саясаттанушы Назерке Еркінқызы бүгінгі Президенттің Жолдауында айтылған Атом электр стансасын салуға қатысты референдум өткізу туралы сөзіне пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info

Президент бүгінгі Жолдауда Атом электр стансасын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешуді жөн деп санайтындығын айтты. Бұл стратегиялық маңызы бар нысанды салу не салмау мәселесінде әр азамат қалай дауыс беретінін өзі шешеді деген сөз.  

Айтылған рефендумның елдегі саяси процесс пен саяси атмосфераға  қалай әсер ететініне тоқталып көрейін. Біріншіден, осы рефендум арқылы АЭС стансасын салу немесе салмау құзыретін халықтың өзіне беріп отыр. Бұл дегеніміз – әр азамат өзінің дауысы арқылы осындай еліміз үшін маңызды стратегиялық шешімге ықпал ете алатынын білдіреді. 

Екіншіден, бұл шешім азаматтардың саяси белсенділігіне, азаматтық қоғамның дамуына әсер етеді. Ол үшін аталған мәселе қоғамда кеңінен талқыланатындай, азаматтарымыз бұл шешімнің мән-мағынасын терең түсінетіндей мерзім берілгені дұрыс.  Осы тұрғыда аталған мәселенің экономикалық және экологиялық тұстарын халыққа кеңінен түсіндіру қажет. Түсіндіру жұмыстары тек мемлекет тарапынан емес, тәуелсіз талдау институттары арқылы да өткізілгені жөн. Осындай саяси мәселе қоғамда кеңінен талқыланса, оның оң немесе теріс тұстары қамтылса,  азаматтар объективті шешім қабылдай алады. Осылайша, бұл сөзсіз демократияның даму көрсеткішіне әсер ететін фактор болмақ, - дейді Қолданбалы саясат және экономикалық зерттеулер мектебінің сарапшысы.