Министрлік, әкімдік, ұлттық компаниялар мен өңірлік құрылымдар кәсіпкерлікті дамытуға жұмылдырылады - Болатбек Нажметдинұлы
Мемлекет басшысы ел тағдырына алаңдаған әрбір азаматтың көңілінен шыққан Жолдауын жариялады. Мазмұны бай, ойы терең бұл маңызды Жолдау жаңа саяси кезеңнің басталуына түрткі болды. Президент өз Жолдауында халқымыздың көкейінде жүрген ең өзекті сауалдарға нақты жауап беріп, Қазақстанның даму жолына тың серпін беретін бағыт-бағдарды айқындап берді. Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы Президент Жолдауына қатысты осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ел тізгінін ұстаған тұлға ретінде ол заманауи үрдістерді ескере отырып, цифрлық технология мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін баса айтты. Инвестициялар мен инфрақұрылымнан бастап, ауыл шаруашылығы мен экологияға дейін барлық салада цифрлық шешімдер мен озық технологиялар негізгі құралға айналуы тиіс екені айтылды.
Барлық мемлекеттік органдар мен қоғам жаңашылдыққа бет бұрып, күнделікті өмірде ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді толыққанды пайдалануы тиіс. Бұл реформаларды бірнеше есе жеделдетіп, олардың сапасын арттыратын шешуші фактор. Ең бастысы ашықтық пен әділеттілік орнығады. Қоғаммен кең әрі шынайы диалог қалыптасып, әр азамат ел тағдырындағы өзгерістерге белсене қатыса алатын болады.
Осы жолда елімізде жаңа құрылым жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылмақ. Оған жаңадан тағайындалатын Вице-премьер жетекшілік етеді», - деді Болатбек Нажметдинұлы.
Депутат Жолдауда атап өтілген тағы бір маңызды басымдық туралы айтты.
«Енді барлық министрліктер, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен өңірлік құрылымдар кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға жұмылдырылмақ. Келешекте олардың жұмысы дәл осы бағыт бойынша бағаланатын болады.
Бұдан бөлек, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты барлық заңнама мен саясат толықтай қайта қаралатын болады. Сонымен қатар, Бас прокуратура жанынан инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы комитет құрылады. Бұл шаралар, ең алдымен, отандық кәсіпкерлердің шетелдік компаниялармен тең жағдайда бәсекелесуіне мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар жөнінде еліміздің бизнес өкілдері менімен жазғы кездесулер барысында бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Президент бұл үндеулерді ескерді», - деді депутат.
Сондай-ақ ол барша жұрт үшін күтпеген жаңалық, еліміздің бір палаталы Парламентке көшуі екеніне де тоқталды.
«Бұл – саяси жүйені жаңғырту мен елдегі партиялық институттарды дамыту жолындағы маңызды әрі батыл қадам. Мұнда белгілі бір саяси қисын бар: егер адамда саяси амбиция, ел игілігі үшін өзгеріс енгізуге деген шынайы ниет болса – алдымен қала немесе облыс мәслихатына бір мандатты округ арқылы өтіп, нақты тәжірибе жинақтауы қажет. Ал Мәжіліске партияластарының қолдауына ие болып, жүйелі ұсыныстарымен келуі тиіс. Бұл қадам бір жағынан популистік көзқарастарға тосқауыл қойса, екінші жағынан, елдегі саяси бәсекелестікті жүйелеуге жол ашады. Ел дамуы үшін қажетті маңызды заңдардың қабылдау үдерісінің жеделдеуі ерекше маңызға ие.
Сонымен бірге, бүгін Мемлекет басшысы қабылдаған шешімі арқылы орта мерзімді электоралдық күнтізбені нақтылады. Сайлау 2027 жылдан ерте өткізілмейді, бұл өз кезегінде барлық мүдделі қоғамдық-саяси субъектілерге оған дайындалуға толық мүмкіндік береді. Барлығы ашық және әділ, күтпеген жағдайлар жоқ.
Жалпы алғанда, бүгінгі Жолдау Президенттің өз халқын терең түсінетінін және елдің өзекті саяси мәселелеріне жауап бере алатын нақты бағдар ұсынатынын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл қоғамды біріктірудің және ел дамуын ілгерілетудің маңызды факторы болып табылады», - деді ол.