Максим Споткай: Цифрландыру Президент реформаларының басты бағыттарының бірі
Түбегейлі цифрлық өзгерістерге үш жыл уақыт беріліп отыр. Мемлекет басшысы Жолдауда осындай мерзім белгіледі. Қазақстан осы уақыт ішінде тиісті инфрақұрылымы бар нағыз Цифрлық мемлекет ретінде қалыптасады. Мұндай пікірді Elordainfo.kz тілшісіне Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі Максим Споткай айтты.
«Бүгінде бұл істің берік негізі қаланғанын атап өткен жөн. Өйткені жаппай цифрландыру соңғы жылдарда Президент реформаларының басты бағыттарының біріне айналды. Қазақстан қазірдің өзінде электрондық үкіметтің даму индексі бойынша әлемдегі 30 елдің қатарында. Мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн көрсетіледі (былтыр 50 млн қызмет). Қолма-қол ақшасыз төлемнің 70 пайыздан астамы мобильді қосымша арқылы жүзеге асады. 2024 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер айналымы 120 трлн теңгеден асты. Аstana Hub өңірдегі ең ірі IT-экожүйеге айналды. Цифрлық білім беру платформалары іске қосылды. 2020 жылдан бері 500 мыңнан астам азамат цифрлық құзыреттілік курсы арқылы білімдерін жетілдірді. Заңды күші бар цифрлық құжаттар енгізілді», - деді спикер.
Максим Споткайдың айтуынша, аймақтағы алғашқы суперкомпьютердің іске қосылғаны да маңызды жаңалық болғаны анық.
«Жаңа кезеңдегі тапсырмалар одан да маңызды. Президент жаппай цифрландыру енді бір мекеменің ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың міндеті екенін қадап айтты. Алдағы трансформацияның ауқымын бағалау үшін Президенттің жаңа бастамаларының тізбесін және онда қамтылған салалардың аясын қарау жеткілікті», - деді ол.
– Қаржы секторында – Мемлекеттік цифрлық активтердің қорын іске қосу, финтехті дамыту және киберқауіптерден қорғау.
– Ауыл шаруашылығында – жер ресурстарына спутниктік мониторинг жүргізу және цифрлық карта жасау.
– Құрылыста және ТКШ – құрылыстың барлық кезеңдерін есепке алу мен жоспарлауға арналған ұлттық цифрлық платформа.
– Көлік-логистикада – Smart Cargo және ЖИ базасында тасымалдауды басқару жүйесін енгізу.
– Денсаулық сақтауда – медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың жаңа құралдарын пайдалану.
– Білім беруде – Al-Sana бағдарламасын және Qazaq Digital Mektebi жобасын іске қосу, оқушылар мен педагогтарды ЖИ-мен жұмыс істеуге дайындау.
«Цифрлық трансформацияны және Жолдаудың басқа да бағыттарын қолдау үшін алдағы кезеңде Парламентте бірқатар жаңа заңдар қабылдануға тиіс. Олардың қатарында Цифрлық кодекс, финтех пен цифрлық активтерді дамытуға бағытталған Банктер туралы жаңа заң, саланың ашық және тұрақты дамуының негізін қалайтын Құрылыс кодексі бар. Жоспарда – Мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңарту, жаңа Салық кодексі арқылы салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және оларды цифрлық жүйеге ауыстыру арқылы жер қатынастарын оңайлату жөніндегі түзетулер бар. Бір сөзбен айтқанда, депутаттық корпус пен Үкіметтің және салалық сарапшылардың алдында ауқымды бірлескен жұмыс күтіп тұр», - деп сөзін түйіндеді Максим Споткай.