Жолдау

Елордадағы Достық үйінде Президент Жолдауындағы негізгі міндеттер талқыланды

Астанадағы Достық үйінде Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиынға «Алматы» ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері және қоғам қайраткерлері қатысты. Олар Президент айқындаған басым бағыттар мен міндеттерді талқылады. 

«Жолдауда еліміздің алдағы даму жолдары анық көрсетілді. Бүгін аудан деңгейінде осы құжатты түсіндіру, сарапшылардың пікірін тыңдау мақсатында кездесулер өткізіп жатырмыз. Әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары ретінде инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау, цифрландыру мен жасанды интеллект саласын дамыту, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту белгіленді», – деді Рүстем Тәуекелов.

Кездесу барысында қатысушылар цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңызына ерекше тоқталды. Бұл бағыттар тіршіліктің барлық саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен бірге Президент жүктеген міндеттерді іске асыруда ынтымақтастық пен озық тәжірибемен алмасу қажеттілігі айтылды.