Астанада журналистер сенатор Бибігүл Жексенбаймен Президент Жолдауын талқылады
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына Астана қаласынан сайланған депутат Бибігүл Жексенбай Elorda Aqparat медиа холдингінің ұжымымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген маңызды мәселелер талқыланды.
«Президент Жолдауында цифрландыру, жасанды интеллект, жаңа технологиялар, адами капиталды және басқа ресурстарды қорғау сияқты маңызды тақырыптар жан-жақты қарастырылды. Осы маңызды тақырып аясында Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбаймен кездесіп отырмыз. Кездесу Жолдауда жүктелген міндеттерді терең түсініп, оларды өз саламызда жүзеге асыру жолдарын бірге талқылауға мүмкіндік береді деп ойлаймын», - деп кездесуді алғысөзімен ашты Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек.
Өз кезегінде Бибігүл Жексенбай Президенттің Жолдауында ел өмірінің барлық салаларына қатысты негізгі міндеттер бар екенін, осы міндеттерді бірлесіп талқылау мен іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Цифрландыруда көптеген салаларда қолдан жасалған кедергілер де бар. Мемлекет қаражат бөліп жатыр. Қолдау көрсетіп жатыр. Біз айтып жатырмыз, заң шығарып жатырмыз. Бірақ дәл осы цифрландыру жүйесіне, алысқа бармай-ақ, денсаулық сақтау жүйесіндегі медицина маандарының өзінің ішкі қарсылықтары бар екенін мойындауымыз керек. Себебі цифрландыру - ашық, айғақ көрініп тұратын дүниелер. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс алу, ауыл шаруашылығы, жер мәселесі бойынша болсын, цифрландыруға қарсы кедергілер бар екенін ашық айтуымыз керек» , - деді депутат.
Бұдан басқа депутат Бибігүл Жексенбай Астанадағы қоныс аударушылар тарапынан жасалған заңбұзушылықтарға, атап айтқанда, тұрғын үйлердің техникалық қабаттарын тұру үшін заңсыз пайдалануға байланысты әлеуметтік мәселелерді де қозғады.
Сенатордың пікірінше, кәсіби журналистика бұл құбылысқа қарсы тұруда маңызды рөл атқарады. Ол үшін журналистік зерттеу жасауға болатынын, нақты деректер мен дәйектерді Парламентке ұсынып, әрі қарай мәселені бірлесіп шешуге болатынын айтты.
Өз кезегінде журналистер де сенаторға көкейкесті сауалдарын қойды. «Астана ақшамы» газетінің бас реадкторы Еркін Қыдыр басылымда қаншама өзекті мәселе көтерілетінін, бұл мәселелерге депутаттар да назар салып, жазылған жайттың шешімін табуына ықпал етсе деген ұсынысын айтты. Бас редактордың орынбасары Ғалым Қожабеков мектептердегі буллинг мәселесі өршіп тұрғанын айтып, оның салдары насырға шаппас үшін заң мен тәртіпті қатаңдату керек екенін депутат қаперіне берді. Осы газеттің тілшісі Төлен Тілеубай ЖИ-ді жасақтағанда шығармашылық иелерінің материалдары ортақ дүниеге айналып, жұртқа таратылып кетпей ме деген күдігін жеткізді. Яғни, болашақ қаралатын кодексте авторлық құқық, этика мәселелеріне назар аударуды сұрады. Тілші Қалиақбар Үсемханұлы өз сауалында ЖИ-ді қолданғанда қазақ тілінің тілдік заңдылықтары сақталуына мән беру қажеттігіне екпін жасады.
Кездесу соңында Elorda Aqparat медиа холдингінің директоры Олжас Сыдықбек сенаторға мазмұнды пікірі үшін алғыс айтып, көтерілген тақырыптардың өзектілігін жоғары бағалады.