Аманжол Әлтай: Жолдауда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды
Президент Қасым - Жомарт Тоқаев жақында Қазақстан халқына кезекті жолдауын ұсынды. Бұл жолдау — Геосаяси қақтығыстар күшейіп, халықаралық құқықтың әлсіреген күрделі кезеңде тұрақтылықты сақтап, нақты реформаларға ден қою керектігін түсіндіретін, бағыт - бағдарымызды айқындауға жол ашатын маңызды құжат. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. «Цифрлық кодекс» қабылданады, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Жаңа министрлікті Үкімет басшысының орынбасары деңгейіндегі тұлға басқаруы тиіс - деді Президент. Үкіметке барлық салада AI енгізу жүктелді. Шикізаттан өңдеуге басымдық беріліп, жоғары технологияға жеңілдіктер қарастырылады. Жақын арада «Инвестиция» сөзі бар уәкілетті орган анықталуы тиіс. Ұлттық қордың қаржысы да перспективалы жобаларға бағытталады.Цифрлық теңге бюджет пен холдингтерде кең қолданыс табады, ал киберқылмыспен күрес үшін антифрод орталығы ашылады», - деді депутат.
Президент аймақ әкімдерінің атқарылған жұмысын бағалауда инвестиция тартудағы көрсеткішін назарға алу керектігін ескертті.
«Мемлекетімізге тартылатын инвестициялар ағыны терең өңдеу бағытына икемделу керектігін баса айтты. Біріккен ұлттар ұйымының адамзат болашағы үшін белгілеген маңызды он бір мақсатының бірі - азық - түлік қауіпсіздігі. Біздің мемлекетіміз үшін де халықты сапалы, отандық азық - түлікпен қамтамасыз ету алдыңғы орында тұруы тиіс. Президент бұл салада да бағыт - бағдарды түсіндіріп: мал шаруашылығы экспортқа бейімделіп, импортқа тәуелділік болмау керектігін айтты. 2022 жылдан бері қайтарылған 13,5 млн гектар жердің бәрі 2026 жылдың ортасына дейін айналымға енгізілуі тиіс – деді.Жер бөлу тек электронды конкурс арқылы өтеді. Жер сапасы спутниктен бақыланып, цифрлық картаға енгізіледі», - деді халық қалаулысы.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 217 мектептің 150-і ашылды, қалғаны үш айда аяқталады. AI құзыреті мектептен бастап оқытылады. «Al-Sana» бағдарламасына 100 мың студент тартылады. «Qazaq Digital Mektebi» ауылдағы шағын мектептерге қолжетімді білім әкеледі.
«Президент жолдауындағы білім мен ғылымды дамытуға бағытталған бағдар — бүгініміз үшін де, болашақ үшінде ерекше маңызға ие. Өркениеттің ең өнегелі жолы — білім мен ғылымды дамыту екене жолдауда мемлекет басшысы нақты тоқталды. Парламенттік реформа ел ішінде көптен айтылып келе жатқан мақсаттардың бірі болатын. Президенттің бүгінгі ұсынысы мемлекеттік билік бұтақтарының нығая түсуіне және тиімділігіне жол ашады. Бір палаталы Парламент құру бастамасы жария талқылауға шығарылды. 2027 жылы референдум өткізу ұсынылды. Қоғам шешімі қолдаған жағдайда Парламент алаңында маңызды өзгерістер жасалады. Қазан айында Үкіметтен осы міндеттердің мерзімдік графигін талап етеміз. Уақыт пен нәтиже – басты өлшем», - деді спикер.
Депутаттың айтуынша, ортақ мақсат жолында күш біріктіріп еңбектену — бүгіннің болашақ алдындағы парызы.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы – еліміздің цифрлық даму көшінде жұрттан қалмай,өркениеттің алдыңғы сабында болуға бағыт - бағдар ұсынады, тұрақтылықтың жүгін қисайтпай, экономиканың еселенуіне, экологияның ахуалының жақсаруына зер салған маңызды бағдарлама. Ортақ мақсат жолында күш біріктіріп еңбектену — бүгіннің болашақ алдындағы аманатты парызы! Халықтың бірлігі мен Үкіметтің іскерлігін талап етеді. Мұратымыз бір, мақсатымыз айқын болсын!», - деді Аманжол Әлтай.