Жолдау

1 желтоқсанға дейін барлық күмәнді және тиімсіз жәрдемақыларды алып тастау керек – Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандартын 1 желтоқсанға дейін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуі қажет. Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек»,- деді Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министр цифрландыру министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Еңбек министрлігі жанындағы Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ мемлекеттік органдарға Әлеуметтік кодекске әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын тездетіп келісуге тапсырма берді.