Elorda Aqparat қызметкерлері кәсіби мереке қарсаңында марапатталды
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Elorda Aqparat медиахолдингінде журналистерге арналған заманауи студиясының ашылу салтанаты өтті. Осыған орай ұйымдастырылған жиында «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері мен Elorda info желілік басылымының қызметкерлері кәсіби мерекемен құттықталып, сала үздіктеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар, сондай-ақ алғыс хаттар табысталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі «Вечерняя Астана» газеті бас редакторының орынбасары Шолпан Ақбалаеваға табысталды.

Ал «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек, Elorda info желілік басылымының бас редакторы Мәнсия Сәкенова және «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Құралай Мұратова марапатталды.

Сонымен қатар Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыповтың, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың алғысхаттары «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің және Elorda info желілік басылымының бірқатар қызметкерлеріне табысталды.
Марапаттау рәсімі барысында сала ардагерлері мен әріптестер бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, журналистердің қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.
