Жеңістің 80 жылдығы: Әскери парадқа дайындық қалай жүріп жатыр
Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері мен блогерлер елордадағы 68665 әскери бөліміне барып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге дайындықты көріп қайтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Баспасөз туры жеке құрамның жаттығуларын көрсетуден басталды. Плацта 3 мыңнан астам офицер, келісімшарт бойынша әскери қызметші және мерзімді қызмет сарбазы дайындалып жатты. Өзге бөлімшелер жақын арада жалпы топқа қосылады.
– Шеруге қатысушыларды іріктеу кезінде бәріне бірдей дене дайындығы, денсаулық жағдайы, бойы бойынша қатаң талаптар қойылды. Барлық әскери қызметшілердің Қарулы күштерге деген мақтанышқа негізделген жоғары мотивациясы бар, – деді Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Парадтық есептоптардың негізін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Құрлық әскерлері құрайды. Салтанатты шеруге Мемлекеттік күзет қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланының, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің есептоптары да қатысады.
Сондай-ақ журналистерге әскери қызметшілер тұратын шатырлы қалашық, шаруашылық жабдықтау пунктері, далалық госпиталь көрсетілді.
Техникалық аймақта қонақтарға соғыс жылдарындағы техника мен заманауи жауынгерлік машиналарды парадқа дайындайтын мамандарды көруге де мүмкіндік берілді.
Іс-шара жауынгерлік техника легінің өтумен аяқталды. Олардың қатарында әйгілі Т-34 танктері және ЗИС-2 (калибрі 57 мм) зеңбіректері бар ЗИЛ-157, М-30 (калибрі 122 мм) гаубицалары бар ЗИЛ-157, есептоптарымен БМ-13 «Катюша» автомобильдері бар. Шерудің қазіргі бөлігінде еліміздің бас алаңы бойынша «Арлан», Cobra сауытты дөңгелекті машиналары, «Стрела-10», «ТОР» және «БУК» зениттік зымыран кешендері, БТР-82А, «Алмаз» және «Агат» мобильді кешендері, TEODor роботехникалық кешені, есептік-талдамалық станция кешені және қару-жарақ пен әскери техниканың басқа да жоғары технологиялық үлгілері жүріп өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру дәстүрлі түрде 7 мамырда Астанада өтеді. Оған 4 мыңнан астам әскери қызметші, 300-ден астам қару-жарақ пен әскери техника қатысады. Шерудің әуе бөлігін майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшу аппараты құрайды.