Ұлы Жеңіске - 80

Әлия Молдағұловаға арналған өлең оқыған бес жастағы қыз көпшілікті тәнті етті

Ақмола облысының Атбасар қаласынан шыққан бес жастағы Әлия Қайырбаева батыр қыз Әлия Молдағұловаға арналған өлеңді жүрек тебірентерлік мәнермен оқып, қазақстандықтардың көңілінен шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Жас дарын иесі әлеуметтік желілерде әлемге танымал ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа айтып, көптің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ал бұл жолы кішкентай Әлия елінің ержүрек қызы – Әлия Молдағұлова туралы өлеңді оқуға ниет білдірген.

«Әлиюшам бес жаста. Батыр қызының суретін көріп, оған арналған өлең оқығысы келді», – деп жазды қыздың анасы Әсел Қайырбаева Instagram парақшасында.

Кішкентай Әлияның өнері Kaznet қолданушыларының жылы лебізіне ие болды. Олар жас ұрпақтың отансүйгіштік пен тарихи тұлғаларға деген құрметті жүрегінде ұстауы — ел болашағы үшін зор үміт екенін атап өтуде.