Елордада әскери шеруге қатысатын қыз-келіншектерге арналған тренинг өтті
Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің өкілдері далалық лагерьде болып, шеруге қатысушы қыз-келіншектермен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
7 мамыр – Отан қорғаушы күнінде 200-ден астам әскери қызметші әйел Қазақ елі монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында салтанатты сап түзейді. Олардың қатарында көпбалалы аналар, әскери әулеттердің өкілдері, орден иегерлері, дәрігерлер, спортшылар, десантшылар, теңізшілер, танкистер, мергендер және ауыр техника жүргізушілері бар.
Шеруге қатысушылар 18 әскери гарнизонда мұқият іріктеуден өтті. Олардың жасы қырықтан аспайды, моральдық-іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, психологиялық тұрақтылығы және антропометриялық деректері бойынша бойы 165 см-ден жоғары.
– Парадқа қатысушы әйелдермен психологиялық тренинг өткізуге шешім қабылдадық. Оларды күнделікті жаттығудан аздап алшақтаттық, – деп түсіндірді Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова.
Күйзеліске төзімділікті, өзіне деген сенімділікті және ұжымды біріктіруге бағытталған тренингті психолог Айман Ізтілеуова жүргізді.
Сабақ барысында әйелдер практикалық тапсырмаларды орындап, оң көзқарасты бағдарламаларды және қажетті нәтижеге назар аударды.
Өткізілген тренинг туралы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшісі, кіші сержант Айым Исламжанова өз әсерін ортаға салды. Бүгінде оның есебінде суға және құрлыққа 12 парашютпен секіру бар.
– 44013 әскери бөлімінде қызмет етемін. Шеруге алғаш рет қатысып отырмын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Жеті сағатқа созылатын қарқынды жаттығуларға үйреніп алдық. Күніне шамамен 30-40 мың қадам жүріп өтеміз. Әрине, біз одан шаршамаймыз, – деді десантшы.
Іс-шараның шарықтау шегі аспанға әуе шарларын ұшыру рәсімі болды. Оған шеруге қатысушылар арман-тілектерін салды. Жарқын сәт бірліктің, болашаққа деген сенімнің және кәсіби өсуге деген ұмтылыстың символына айналды. Кездесу соңында әскери қызметші әйелдер тренингті ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.