Ұлы Жеңіске - 80

Астана филармониясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт өтті

Бүгін Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында классикалық вокал бөлімінің Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше концерті өтті. «Майский вальс» атауымен ұйымдастырылған бұл музыкалық кеш – Отан қорғаған батырларға тағзым етуге арналған тағылымды шара болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кештің мақсаты – сұрапыл соғыста ерлікпен шайқасқан батырларымыздың рухына тағзым етіп, олардың ерлігін жас ұрпақтың жадында жаңғырту. Концерт барысында соғыс тақырыбындағы патриоттық әндер, майдан даласындағы сарбаздар мен олардың сағынышын жеткізетін лирикалық шығармалар орындалды.

Көрермендер кеште Н.Тілендиев, М.Төлебаев, Қ.Мусин сынды қазақ композиторларының, сондай-ақ И.Дунаевский, Я.Френкель, М.Блантер сынды кеңестік музыка саңлақтарының шығармаларын тыңдады. «Дубосеково зиратында», «Кестелі орамал», «Журавли», «Катюша», «Майский вальс», «День Победы» сынды туындылар – сол бір естен кетпес кезеңнің шежіресі іспеттес.

Концертте классикалық вокал бөлімінің үздік солистері – Бибігүл Жанұзақ, Айгерім Аманжолова, Алтынбек Арыстанбек, Шахризада Тыныштық, Нұрсәт Алмас, Ринат Нұрмұхан және Фируза Рахметова өнер көрсетті. Орындаушыларға фортепианолық сүйемелдеу жасаушы концертмейстерлер – Роза Шоткалиева мен Назерке Махметова, ал кей туындыларда гитарада – Ринат Нұрмұхан, баянда – Тұраев Руслан сүйемелдеді.

«Майский вальс» – бұл жай ғана концерт емес. Бұл ұлт жадына айналған Жеңіс рухының әуенмен қайта жаңғыруы болды. Музыка мен тарих үндескен бұл кеш жүректерге жігер беріп, бейбіт өмірдің қадірін сезіндіре түскені сөзсіз.

«Біз классикалық вокал бөлімінің «Майский вальс» атты концертіне халықтың құлағында жүрген, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, жалпы осы қанды жолды еске салатын, сол қиындықты сезіндіретін, оның ішінде Жеңістің қуанышы сезілетін, барша халық сүйіп тыңдайтын әндерден жиынтық жасадық. Құлақтың құрышын қандыратын, халыққа көңілкүй сыйлайтын, Жеңістің асқақ сезімін беретін әндерді таңдап алған болатынбыз.

Көрермендер бұл концертте жүріп өткен қанды жолдың, төгілген көз жастың, бастан кешкен қиыншылықтың сезімдерін сезініп, сонымен қатар, әрине, ата-бабаларымыздың аңсап, көптен күткен Жеңістің қуанышын сезінді деген сенімдеміз. Ал біз, әншілер, сол сезімді жеткізуге,  халықтың жүрегіне ұялатуға бар күшімізді салдық.

Концерттің ерекшелігі – қандай да бір режиссерлік қойылым болмағанымен, біз бұл кеште әндерді фортепианоның, баянның, гитараның сүйемелдеуімен шырқадық. Сондықтан көрермендердің көңілінен шықты деп ойлаймыз», - деді Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның классикалық вокал бөлімінің әртіс-солисті, халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрсәт Алмас.