Елорда үздіктері

«Жұлдыздар шеруі – 2025»: Елордалық мектепте үздік оқушылар марапатталды

Астанадағы Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейінде оқу жылының қорытындысы бойынша үздік оқушыларды марапаттауға арналған «Жұлдыздар шеруі – 2025» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара дарынды жастарды қолдауға, олардың ынтасын арттыруға, білімнің маңызын насихаттауға және тұлғалық дамуды дәріптеуге бағытталды.

Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейінің директоры Альбина Нартаеваның сөзінше, салтанатты жиын жыл сайын ұйымдастырылады.

«Бүгінгі іс-шарада 2024-2025 оқу жылында қалалық, республикалық және халықаралық олимпиадалар, шығармашылық және спорттық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен 15 оқушыны марапаттап отырмыз. Сондай-ақ 5 ұстаз марапатқа ие болды. Біздің мектеп-лицейде белсенді оқушылар көп, сондықтан да мектепішілік сауалнама арқылы үздіктерді іріктеп алдық. Салтанатты жиын мектеп ашылған уақыттан бастап, яғни 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде мамыр айының соңында ұйымдастырылып келеді. Осылайша біз оқушыларға құрмет көрсету арқылы олардың мектеп өміріндегі қоғамдық жұмыстарын бағалап, өзге оқушыларға үлгі еткіміз келеді», - деді Альбина Нартаева.

Үздіктерді марапаттау рәсіміне Астана қалалық мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов қатысып, ұстаздар мен ата-аналарға алғыс білдірді.

«Мектеп оқушыларының үздік нәтиже көрсетіп, жетістікке жетуі ұстаздар мен ата-аналардың арқасында деп ойлаймын. Сондықтан да әрқашан қолдау көрсететін ұстаздар мен ата-аналарға алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі оқушылар болашақта ел дамуына үлес қосатын үлкен маман иелері болады деп сенемін. Оқушыларымыздың жетістігі көп болсын», - деді мәслихат депутаты.

Биыл Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейде 11-сыныпты 10 оқушы, ал 9-сыныпты 51 бала тәмамдап жатыр. Солардың бірі – 9 а сыныбының үздік оқушысы Диана Молдрахметова.

«Мен 6 жастан бастап би билеймін. 10 жылдан бері заманауи және дәстүрлі би жарыстарына қатысып келемін. Біз топпен бірге түрлі жарыстарға қатысып, әрқашан жүлделі орындарға ие болдық. Сонымен қатар әртүрлі пәндік олимпиадаларға қатысып отырамын. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан ұнайды», - деді Диана Молдрахметова.

Іс-шара барысында мектеп өнерпаздары жиын қатысушыларына шағын концерттік бағдарлама ұсынды.