XII Дүниежүзілік ойындардың күміс жүлдегері Нұрсұлтан Дүйсенқұлов: Бала кезде джиу-джитсу деп айтуға тілім келмейтін
Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылатын, 7-17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өткен XII Дүниежүзілік ойындарда Қазақстан құрамасы жүлде жағынан (2 алтын, 5 күміс, 3 қола жүлде) ең үздік көрсеткішті тіркеді. Осы орайда Астана қаласы атынан сынға түскен, джиу-джитсудің файтинг бөлімінде күміс медаль иеленген Нұрсұлтан Дүйсенқұлов Elordainfo.kz тілшісімен жарыстан алған әсерін бөлісті.
- Қазақстан спортшылары 1993 жылдан бері Дүниежүзілік ойындарға қатысып келе жатса да, джиу-джитсуден небәрі 1 күміс және 1 қола жүлде бұйырыпты. Ал Қытай төрінде сіздер 1 алтын, 1 күміс, 2 қола алып, ең жоғарғы нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Мұнда құраманың ішкі атмосферасы да қатты рөл ойнаған шығар?
- Әрине, команданың ішінде атмосфера өте маңызды. Одан бөлек, біз бұл жарысқа дайындықты ерте бастадық. Себебі Дүниежүзілік ойындарға жолдама алғанымыз жайлы ақпарат қыста белгілі болды. Оның үстіне әр салмақта әлемнің ең үздік 6 спортшысы ғана қатысатындықтан, жүлдеге талас қызу болатыны түсінікті еді. Джиу-джитсудің файтинг бөлімінен 3 қана жолдама болғанымен, жарысқа қатыспайтын ұлттық құрама мүшелері де бізге көмектесіп, соңына дейін бізбен бірге оқу-жаттығу жиындарында болды. Бұл жеңістер бәрімізге ортақ. Тағы бір айтарым, 2022 жылы АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен Дүниежүзілік ойындарға жолдама алғаныммен, АҚШ елшілігі 3 мәрте визаға рұқсат бермеді. Сол сәттегі өкініш те осы жолы жеңіске «аш» баруыма ықпал етті.
- Дүниежүзілік ойындар - Олимпиада секілді төрт жылда бір мәрте өтетін үлкен дода. Жарыс бірнеше күн бұрын ғана аяқталды. Күміс жүлдеге қаншалықты көңіліңіз толады?
- Спортшы болған соң, алтын алып, әнұранды шырқатқың келеді. Алайда уақыт өте келе, осы медальға да шүкіршілік етемін. Олимпиада ойындарынан кем соқпайтын бәсекеде жүлде алу екінің біріне бұйыра бермейді. Мысалы, жарыс барысында басты фаворит саналған, 3 дүркін әлем чемпионы Перси Кунсадан (Франция) басым түстім. Алтынға үміткер болған спортшы тіпті жүлде тұғырына көтеріле алмады. Ал финалдағы сәтке әттеген-ай дейтін тұсым бар. Өйткені Лукас Андерсенді (Дания) бұған дейін 4 рет жеңген едім. Финал алдында да еш қобалжу болмады. Жекпе-жек барысында 8:1 есебімен алда тұрғаныммен, соңғы сәтте қарсыласым алдымды орап кетті. Дегенмен жарыста бастысы қарсыластарыммен шайқасып, олармен болашақта қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндім. Өзіме деген сенімділік артып, жаңа қырымнан көрдім.
- Қытай мен Қазақстанның ауа райы, уақыт жағынан біршама айырмашылықтар бар. Осыны ескерсек, бейімделу жағынан еш қиындықтар болмады ма?
- 3 сағат айырмашылық басында сезілді. Ауа райы дымқыл әрі ыстық. Жаңбыр жиі жауады. Бірақ біз 2-3 күн ерте барып, жергілікті жерге үйренуге тырыстық.
- Қазақстанда көп жағдайда Олимпиада бағдарламасына енетін спортпен айналысатындардың танымалдығы жоғары. Неге сіз дәл осы джиу-джитсуді таңдадыңыз?
- Мен тұратын ауылда басқа спорт түрі болмады. Ер бала болған соң, спортты қуалап, джиу-джитсуге келдім. Бала кезде джиу-джитсу деп айтуға тілім келмейтін. Барлығымыз басында бұл спортты дзюдо деп ойладық. Уақыт өте келе, джиу-джитсу өзінің көпсалалығымен баурап алды. Күрес десең, күресі бар, ұрам-соғам десең, ол да бар. Жалпы әмбебап спорт. Биыл менің джиу-джитсумен айналысып жүргеніме 15 жыл толды. 2010 жылы өзімнің бапкерім Жангужин Мұхит Сартайұлы ағайыма барып, әлі де үйреніп келемін.
- Спортта жарақатсыз болмайды. Кәсіби спортпен айналысқанның кесірінен де біршама денсаулықты берген шығарсыз?
- Жарақаттар айта берсек, шыға береді. Бұл енді ердің жолы деп ойлаймын. Тіпті финалда басымды орап алсам да, соңғы секундқа дейін еш беріспедім. Спорт жолында барлығы болады. Денсаулық кетеді. Бірақ жеңіске жетіп, медаль алған кезде, барлығы ұмытылады. Жеңістің кермек дәмі үшін, бәріне шыдауға болады деп ойлаймын.