Елорда үздіктері

Нұржамал Үсенбаева: Астана – ең сүйікті қалам

Қазақстан астанасы Алматыдан Ақмолаға көшіріліп, қазақ елінің тарихындағы ең елеулі оқиғаның, үлкен өзгерістің болғанына да биыл ширек ғасырдан асып, 27 жыл толып отыр.  Ел ордасына айналған Астана бүгінде өзінің асқақтығымен төрткүл дүниені тамсантып отыр. Бас қаланы дамытуға сан саланың майталмандары толағай үлес қосты. Солардың бірі, Қазақстан және Қырғызстан елінің халық әртісі, белгілі опера әншісі Нұржамал Үсенбаева Elordainfo.kz-ке Астанаға келген алғашқы жылдардағы әсерімен бөлісіп, елорданың атаулы датасына орай жылы лебізін білдірді.

Өнер иесі Астанаға алғаш 1998 жылы 10 маусымда Астананың халықаралық тұсаукесеріне орай келген.

«Біз сол кезде отбасымызбен елордаға бірден қоныс аудардық. Өйткені менің жолдасым әкімшілікке жұмысқа қабылданды. Жылы жақтан келгесін бе, алғашқы кезде Астананың ауа райы өте қатты әсер етті. Қысы өте суық, жазы тым ыстық болды. Бірақ тез үйреніп кеттік», - деп еске алды ол Астанадағы алғашқы күндерін.

Оның айтуынша, Астана арқаға көшкен кезде мәдениет пен өнер саласының мамандарына, әсіресе музыканттарға сұраныс көп болған.

«Сөйтіп, елордаға жан-жақтан өнерпаздар келе бастады.Түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Астана ол кезде кішкентай қала еді, халқының саны аз болатын. Бүгін міне елордамыз мегаполиске айналды. Астана - әсем, әдемі қала. Керемет ғимараттар, театрлар, әдемі көшелер кім-кімнің де жанарын жаулап, жанын жадыратады. Астана өнер ордасына айналды. Астана бұл - сүйікті отбасым, жұмысым, әріптестерім», - деді Нұржамал Үсенбаева.

Осындай жылы лебізімен бөліскен халық әншісі елорданың бұдан әрі дамып, гүлденіп, жасай беруіне тілектестігін білдірді.