Елорда үздіктері

Халықаралық Copernicus олимпиадасында жеңіске жеткен елордалық оқушылар марапатталды

2025 жылдың 5-10 қаңтары аралығында АҚШ-тың Хьюстон қаласында жаратылыстану ғылымдары бойынша Copernicus халықаралық олимпиадасында астаналық оқушылар үздік нәтиже көрсетті. Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен халықаралық олимпиаданың абсолютті және бірінші орын иелерімен кездесті, хабарлады Elordainfo.kz. 

Халықаралық олимпиада нәтижесі бойынша Астана қаласындағы Шейх Халифа бен Заид әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Алидан Сәулебек әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар арасында абсолютті жеңімпаз атанды. Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы Тимур Цой халықаралық олимпиаданың қорытынды кезеңі бойынша І орынды иеленді. Ал Quantum STEM мектебінің 4-сынып оқушысы 10 жасар Кәрім Дюсеков бірінші орынды иеленіп, «Жаратылыстану» номинациясында алтынға қол жеткізген ең жас қатысушы атанды.

Кездесуде Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жас жеңімпаздарды құттықтап, оларға Астана қаласы әкімінің алғысхатын табыстады.

«Халықаралық ареналарда елдің атағын шығаратын тек қана спорт емес, білім мен ғылым да сондай маңызға ие. Қазақстандық оқушылардың халықаралық пәндік олимпиададағы жеңісі туралы естігенде бәріміз қуанып, мақтанамыз. Ал олардың елордалық оқушылар екенін білгенде, қуанышымыз еселене түседі. Үлкен еңбектің артында ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың да қолдауы жатыр. Күні кеше ғана Астанада халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Еліміздің қоржынына Астаналық оқушылар 14 медаль салды, оның 8-і алтын. Жалпы, былтыр халықаралық және республикалық байқауларда елордалық оқушылар жүлделі орындарды иеленіп, 500-ге жуық медаль олжалады. Терең білім алу бағытында талмай ізденіп, ел тізгінін ұстар азамат болуларыңа тілектеспін!», - деді Есет Байкен.

Айта кетейік, COPERNICUS халықаралық олимпиадасы – әртүрлі елдердің дарынды мектеп оқушыларының басын қосатын беделді жарыс. Мұнда қатысушылар математика, физика және жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдері мен аналитикалық дағдыларын көрсетеді.