Елордалық жас құсбегілер жеңіс тұғырынан көрінді
Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Көксәйек ауылында өткен құсбегіліктен жасөспірімдер мен жастар арасындағы XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ауа райының тұманды болуына қарамастан, қыран баптаған құсбегілер жарысқа тас-түйін дайындықпен шығып, шеберліктерін көрсетті.
Жарыстың алғашқы күні жасөспірімдер арасында өтті, онда 22 бүркіт, 27 қаршыға және 10 ителгі бақ сынады. Ал екінші күні жастар арасында өткізілген сынға 22 бүркіт, 21 қаршыға және 9 ителгі қатысты.
Ел чемпионатына Астана қаласының спортшылары қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жасөспірімдер арасында бүркіт құсын салудан Ерасыл Серікбекұлы алтын медальға ие болды. Қаршыға құсын салудан Диас Күнтуған, ал ителгі құсын салудан Ерасыл Серікбекұлы үздік үштікке енді.
Бұл чемпионатқа еліміздің 9 облысынан (Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Ұлытау) және екі ірі қаласынан (Астана, Алматы) барған үздік құсбегілер ұлттық өнерімізді дәріптеп, өзара мықтыны анықтады.