Елорда үздіктері

Елордалық спортшы әлемдік жарыста екі медаль жеңіп алды

Чехияның Оломоуц қаласында өткен пара жеңіл атлетикадан Olomouc Grand Prix халықаралық турнирінде әлемнің 46 елінен барған 171 спортшы бақ сынады. Дүбірлі додада Қазақстан намысын елордалық спортшы Айсұлу Сүлейменова абыроймен қорғап, қос бірдей жүлдеге ие болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жарыс қорытындысы бойынша Айсұлу 100 метр қашықтықта күміс жүлдені, ал 200 метрде қола жүлдені еншіледі.

«Чехиядағы жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылардың арасында Олимпиада чемпиондары да болды. Бұл мен үшін айрықша маңызды сәт, себебі бұл осы санаттағы әйелдер арасындағы алғашқы жарыс болды. Осындай тарихи кезеңнің куәсі әрі бір бөлшегі болғаныма мақтанамын. 100 метрдегі күміс пен 200 метрдегі қола – бұл жай ғана медаль емес, барлығымыз үшін үлкен жетістік», - деп бөлісті Айсұлу жарыс әсерімен.