Елордалық оқушы ақылды қоқыс жәшігін ойлап тапты
«Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясында Астанадағы №38 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Бақтығали Ерланұлы ақылды қоқыс жәшігін жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы Білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Әр нәрсеге қызығушылық танытып, қоғамдық ортаның тазалығына мән беріп жүретін ақылды бала үйдегі қоқыс жәшіктерін автоматтандырған. Яғни, жәшіктердің қақпақтары адам қолын жақындатқанда өздігінен ашылып, 5 секундтан кейін қайтадан жабылады.
«Мен қоқыс салғыштардың қақпақтарын адамдар өз қолдарымен ашып жүргенін дұрыс деп ойламадым. Себебі қақпақтағы көзге көрінбейтін микробтар адамның қолында қалып, ішкі ағзасына өтуі мүмкін екенін ойлап, оны өздігінен ашылатын етіп жасадым», - деді оқушы.