«Құлшыныс болмай қалатын кез болды»: ҰБТ-дан 140 балл жинаған елордалық оқушыдан кеңес
Мектеп бітіруші түлектер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу мектептегі білімнің қорытындысы ғана емес, болашаққа бастар үлкен бір белес. Биыл да ҰБТ-ның нәтижелері қоғам назарын аудартпай қойған жоқ.
Мәселен, Астанадағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Жанайым Рашит ең жоғары нәтиже көрсетті. Ол ҰБТ-дан 140 балл жинап, өзінің білімге деген ынтасын көрсетті. Elordainfo.kz тілшісі Жанайыммен тестілеуге дайындық барысы мен болашаққа деген жоспарлары туралы шағын сұхбат құрды.
- Жанайым, осындай жоғары нәтиже кездейсоқ келмейтіні анық. ҰБТ-ға дайындық барысы қалай өтті?
- ҰБТ-ға дайындықты жаздың соңында, жаңа оқу жылы басталмай тұрып-ақ қолға алдым. Zerdeli ақыл-ой дамыту орталығында қосымша білім алып,10 ай бойы үздіксіз дайындалдым. Дайындықты аса қиын немесе оңай деп нақты айта алмаймын, бірақ бастапқы кезеңі біраз ауыр болды. Себебі сол уақытта мен бір мезгілде әрі ҰБТ-ға, әрі IELTS емтиханына дайындалып жүрдім. Уақыт жетіспей, біраз салмақ түсті. Мұндай қарқынды дайындық адамды шаршататыны рас. Дегенмен еңбектің арқасында IELTS-ті 7.5 балмен тапсырып шықтым. Содан кейін бар назарымды ҰБТ-ға аудардым. Менің бейіндік пәндерім – дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі болды. Ағылшын тілі жеңілдеу болды, ал дүниежүзі тарихы пәнінен дайындық әлдеқайда қиынырақ болды.
- Дайындық барысында сен үшін ең тиімді әдіс қандай болды?
- ҰБТ-да келетін тест сұрақтарының көбі мектеп бағдарламасына негізделеді. Сол себепті дайындық кезінде бейіндік пәнге байланысты әр сыныптың оқулығын қайтадан оқу керек. Әр тарауды оқыған сайын қысқаша конспект жазып отыру қажет деп есептеймін. Ал болашақта сол тақырыптарды қайталап оқу жеңіл болуы үшін, әр тарауға стикер жапсырып, оған қай күні оқығаныңызды белгілеп отырған дұрыс. Бұл оқу бағдарламасын қайталап отыруға мүмкіндік береді.
- ҰБТ тапсыратын оқушылар үшін мотивацияны сақтап қалу маңызды. Осы ретте өз тәжірибеңмен бөліссең...
- Дайындық кезінде мотивацияның төмендейтін сәттері міндетті түрде болады. Мен де ондай кезеңдерді бастан кешірдім. Бірақ алға қойған арманым мен нақты мақсатым сол сәттерде алға жетеледі деп ойлаймын. Үздіксіз дайындық барысында демалудың да маңызы зор. Алайда дайындықтан мүлде қол үзіп кетуге болмайды. Екеуінің арасында тепе-теңдік сақтай білу керек деп ойлаймын.
– Өз тәжірибеңе сүйеніп, болашақ түлектерге қандай кеңес берер едің?
- 11-сыныпта оқып жүріп, дайындықты бір жыл бұрын, яғни 10-сыныптан бастап кетпегеніме сәл өкіндім. Алайда қазір ҰБТ-ны тапсырып болған соң, дайындықты тек 11-сыныпта бастау да өз нәтижесін бере алатынын түсіндім. Дегенмен егер мүмкіндік болса, болашақ түлектерге дайындықты ертерек, 10-сыныптан бастаған дұрыс дер едім. Бұл уақытты тиімді жоспарлауға және сабақты терең меңгеруге көмектеседі.
– Болашағыңды қандай салада елестетесің? Ол үшін қай университетті таңдадың?
- Бастапқыда елордадағы М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетіне халықаралық қатынастар мамандығына оқуға түсуді жоспарлап жүрдім. Алайда жақында Назарбаев университетіне оқуға түстім. Енді осы мамандықты дәл осы оқу орнында оқитын болдым. Жалпы «халықаралық қатынастар» мамандығын таңдауыма шетелдермен байланыс орнату, түрлі мемлекеттердің саяси - экономикалық қатынастарының қалай құрылатынына маған қашан да қызық болды.
-Сұхбатыңызға рахмет!