Елорда үздіктері

Елордалық студенттер нео-фольклор стиліндегі киім топтамаларын ұсынды

Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында Ұлттық киім күніне орай нео-фольклор стиліндегі сән көрсетілімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара «Әсем fashion» қалалық байқауы аясында ұйымдастырылды.

Елорда колледждерінің студенттері өз қолдарымен жасаған авторлық жұмыстарын ұсынды. Бұл топтамалар дәстүрлі элементтерді заманауи сән үлгісімен үйлестіру арқылы ерекше стильді көрсетеді. Қатысушылардың киім үлгілері қазақ халқының дәстүрлерін және қазіргі сән үрдістерін үйлесімді біріктіреді.

Іс-шара екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар 60 минут ішінде қолжетімді материалдардан сәнді аксессуарлар жасады. Ал екінші кезеңде олар өздерінің костюмдері мен образдарын әділқазылар назарына ұсынды. Байқауға қатысушылар шығармашылық қабілеттерін, шеберліктерін және дәстүр мен заманауилықты үйлестірудегі өзіндік көзқарастарын көрсетуге мүмкіндік алды.

«Бұл – елордамыздың мәдени саясатының маңызды бөлігі. Біз ұлттық стильді дамытуға ұмтылған жас дизайнерлерді қолдаймыз. Бұл – студенттердің шығармашылық жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік беретін платформа, сонымен қатар сән индустриясында дамуға жол ашатын бастама», – деп атап өтті елорданың «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Байқауға елордадағы Қазақ технология және бизнес университетінің колледжі, Менеджмент, бизнес және білім колледжі, Басқару колледжі, Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, Кәсіби-техникалық колледж және Технологиялық колледждің студенттері қатысты.
Астана қаласының Кәсіби-техникалық колледжінің студенттері байқауға дайындық барысында тарихи костюмдерді зерттеп, олардың ерекшеліктері мен бөлшектеріне назар аударғандарын айтты.

«Біздің топтамаларымыз қазақ қызының бейнесінен шабыт алды. Мұнда дәстүрлі элементтер мен заманауи акценттер үйлесім тапқан», – дейді колледж оқытушысы Қарлығаш Әженова.

Оның айтуынша, жұмыста жеңіл маталар, заманауи қолдан жасалған кесте және ұлттық бас киімдер қолданылған. Бұл образ – қазақтың дәстүрін сақтай отырып, заманауи стильді меңгерген арудың бейнесі. Студенттер толықтай шығармашылық процеске араласып, олардың идеялары мен пікірлері ескерілді.

Іс-шара аясында сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары да өтті. Онда қатысушылар мен көрермендер аксессуарлар мен киімдерді жасаудың қыр-сырын үйренді. Сондай-ақ «Тігін өндірісі және киім үлгілеу» мамандығының студенттерінің жұмыстары қойылған көрме қонақтардың қызығушылығын тудырды.

Шараның ең жарқын сәттерінің бірі – жеңімпаздарды марапаттау болды. Сыйлық ретінде қатысушыларға тігін машинасы, оверлок және үтік берілді. Бұл марапаттар олардың еңбегі мен шығармашылығын ынталандырып қана қоймай, сән дизайны саласындағы дағдыларын одан әрі дамытуға көмектеседі.

Байқау қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.