Елорда үздіктері

Астаналық сарбаздар қыз-келіншектерге ерекше сый жасады

Наурызнамаға сәйкес, бүгін — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Мәдени мұра, өнер мен ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын маңызды мерекеде әскери қызметшілер қыз-келіншектерге «Селт еткізер» сыйын тарту етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорда тыныштығын күзететін әскери жасақ жауынгерлері бұл күні нәзік жандыларға әдемі оюлармен көмкерілген әшекей бұйымдар таратты. Күтпеген жерден ұлттық нақыштағы сақина, білезіктерге ие болған аяулы аналар мен қылықты арулар, тіпті кішкентай бүлдіршін қыздар да қуанышқа бөленді.

«Халқымыздың бай мұрасын сақтау — біздің міндетіміз. Наурыз қарсаңында жылдың жаңаруымен тікелей байланысы бар осы дәстүрдің тарихын түсіндіріп, қайта жаңғыртуды жөн көрдік. Наурызнаманы өңірлердегі әскери бөлімдер де кеңінен атап өтуде», - деді әскер қатарындағы елжанды азаматтар.

Заман жаңарып, қоғам түрленсе де, ұлт болашағында үлкен рөл атқарар ұлттық мәдениет ешқашан өлмеуі тиіс.

Ұландықтар ұлттық салт-дәстүрлеріміздің келешек ұрпаққа рухани азық боларына сенімді.