Елорда үздіктері

Астаналық полицейлер Президенттік көпсайыста жүлделі орындарға ие болды

Бірқатар халықаралық, әлемдік спорттық жарыстарда астаналық жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері еліміздің намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Осы жылдың Қырғызстанда Президенттік көпсайыстан чемпионат өтті. Әлем кубогының жазғы чемпионатында үш және төртсайыс түрлері бойынша Қазақстан құрамасы үздіктер қатарынан көрінді. Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторлары Ізбасар Мұсабеков – командалық төртсайыс бойынша II орын, ал Айхат Ибрашов – командалық үшсайыс бойынша II орынды иеленді.

Аталған чемпионатқа әлемнің 7 мемлекетінен 70 спортшы қатысып, өзара бақ сынады. Сонымен қатар Чолпон-Ата қаласында Президенттік көпсайыс өтті. XXIV Халықаралық Ыссықкөл спорт ойындарында жеңіл атлетикадан Ізбасар Мұсабеков 60 метр қашықтыққа жүгіруден III орын иеленді. Бұл додаға 5 мемлекеттің 80 спортшысы қатысып, үздік нәтижелерін көрсетті.

Полиция жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері халықаралық аренада жоғары дайындық пен мықты спорттық шеберлікті дәлелдеп қана қоймай, Қазақстанның көк байрағын биікке көтерді. Олардың жеңісі – елордалық полиция қызметкерлерінің тек қоғамдық тәртіпті қорғауда ғана емес, сонымен қатар спорт алаңында да биік белестерді бағындыра алатынын айғақтайды.