Астаналық оқушылар шешендік өнерден сынға түсті
Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен №71 мектеп-лицейінде қазақтың дүлдүл ақыны, халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған мектеп оқушылары арасында «Жезтаңдай» қалалық шешендік өнер сайысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық өнеріміздің тарихында Майқы би Мәнұлынан бастап, Майқы би Төбейұлы, Аяз би Жаманұлы, Едіге би, Бәйдібек би, Жиренше шешен, Шоған би, Қадыр Тайжан, Тоқсан, Жанкісі, Бөлтірік, Сары, Сырлыбек, Бала би, Ноғайбай, Саққұлақ, Бапан, Шоң, Шорман, Байдалы, Қараменде, Алшынбай, Асаубай, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің жарқын бейнелерін қазақ даласындағы айтулы шешен-билердің қалдырған мұралары ұшан-теңіз.
Танымдық іс-шара барысында жоғарыда айтылған тақырыптар бойынша оқушылар арасында сайыс ұйымдастырылып, «Сөз қадірін білетін жас өренмін», «Шешендік дәстүрлі тіл өнері», «Қанекей сөйле, қызыл тіл!» шарттары бойынша сайыстың талаптарына сәйкес тіл шеберлігіне аса зор ден қойылды.
Сонымен қатар сайыс қорытындысында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» қатысушылар анықталып, дипломдар, алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шешендік өнер сайысында өзіндік тапқырлығы, ой ұшқырлығымен танылған Айару Есқожаева бас бәйгені қанжығасына байласа, I орынды Сәуле Мақсұтбек, II орынды Саян Тұрарбек пен Ақниет Досмайылова иемденді. III орынды Ерасыл Жолшыбай мен Алмас Сламханов місе тұтты.