Астаналық ұландық ерекше қамқорлығымен көзге түсті
Елордалық ұландық ерекше қылығымен желіде жұлдызға айналды, деп хабарлады Elordianfo.kz.
Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
TikTok пен Instagram желілерінде кеңінен тараған видеода сарбаздың кішкентай баланың бас киімін дұрыстап, әскери сәлемді қалай дұрыс беру керектігін үйреткен сәті бейнеленген. Бейнежазба жүз мыңнан астам қаралым жинап, әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегін елжіретті.
Видеодағы басты кейіпкер — 24 жастағы Әлішер Жәукешев. Ол — Астана қаласында орналасқан 5573 әскери бөлімінің атқыш-сарбазы. Ақтөбе қаласының тумасы қазіргі таңда ІІМ Ұлттық ұланы қатарында қызмет атқарып жатыр.
Бұл әсерлі оқиға Жеңістің 80 жылдығына арналған шеру кезінде болған. Сарбаз Жәукешев сап түзеп тұрған сәтте жанына кішкентай бала келіп, әскери сәлем бермек болады. Алайда ол мұны сол қолымен және бас киімсіз орындаған. Баланың әпкесі дереу оған бас киім кигізеді. Ал бұл сәтте ұландық немқұрайлы қарамай баланың бас киімін дұрыстап, әскери сәлемді оң қолмен қалай дұрыс беру керектігін көрсетті.
Әскери қызметшінің бұл қылығы көпшіліктің назарынан тыс қалған жоқ. Желі қолданушылары сарбаздың сабырлылығына, елгезектігіне және мейірімділігіне тәнті болып, оны нағыз ұландыққа тән деп бағалап жатыр.
«Керемет, қарапайымдылық адамды көрікті етеді», «Нағыз Отан қорғаушысының үлгісі! Ер азаматты дәл осылай тәрбиелеу керек! Бұл сәт бала үшін өмір бойы есте қалары анық!» - деп бөлісуде желі қолданушылары.
Әлішердің өзі тосыннан келген танымалдылыққа байыппен қарайды:
«Әскери борышты өтеу мен Отанға қызмет ету ешқашан кеш емес. Егер менің әрекетім біреудің жанын жадыратып, мақтаныш сезімін тудырса, мен үшін бұл — үлкен мәртебе», - деді ол.
Ол әсіресе патрульдік қызметтің ұнағанын жасырмайды. Қызмет барысында елордаға деген сүйіспеншілігі одан сайын арта түскен.
«Елордаға екінші рет ғашық болдым. Қаланың көшелерін күзетіп, адамдарға көмек көрсету менің қоғамға пайдамды тигізуге мүмкіндік берді. Бұл — нағыз мақтаныш сезімі», - деп бөлісті Әлішер.
Әлішер Жәукешевтің оқиғасы — әскердегі қызмет тек тәртіп пен міндет қана емес, адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет пен Отанға деген шынайы сүйіспеншілік екенін дәлелдейтін жарқын мысал.