Елорда үздіктері

Астанада жас сарбаздар жауынгерлік қызметке кірісті

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде жақында ғана әскер қатарына қосылып, ант қабылдаған жас сарбаздар алғаш рет жауынгерлік қызметке шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бір ай көлемінде жас сарбаз курсынан өткен олар бөлімнің күн тәртібіне, жаңа ортаға бейімделіп, әскери қызметтің қыр-сырын меңгерді. Әскери Жарғы талаптарын, бас қаланың аудандарын, қызмет атқару ережелерін үйренді. Енді ұландықтар аға буынмен бірлесіп, екі ауысыммен елорданың алты ауданын күзетеді.

Жауынгерлік қызметке аттану шарасы барысында әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы, полковник Ержан Әбдіқалықов жауынгерлік қызметтің алғашқы күнімен құттықтап, сарбаздарға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар заңдылық талаптарын қатаң сақтауды және халыққа қалтқысыз қызмет етуді тапсырды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қырағы болуға бұйрық берді.

«Құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу міндеттерін уақытылы қамтамасыз етуге, қызмет атқару барысында азаматтармен заңдылықты сақтап, әділеттік танытуға, назарды заңбұзушылықтарды болдырмауға аударамын», - деді Ержан Бақытжанұлы.

«Бас қаламызды және оның тыныс-тіршілігін телеарна, ғаламтордан көруші едік. Енді міне, біте қайнасқан өміріне өзіміз де еніп, қоғаммен және қала жұртшылығымен етене жұмыс істеуге шықтық. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біз үшін абыройлы іс, үлкен жауапкершілік. Әрине, іштей сәл қобалжу бар, дегенмен командирлеріміз бір ай дайындады. Әлі де қызмет барысында, іс жүзінде шыңдала түсеміз. Бастысы – тапсырма орындауға дайынбыз», - дейді қатардағы Сұлтанғали Мұхамеджан әсерімен бөлісіп.

Айта кетейік, қоғам тыныштығы мен қала тәртібінің сақталуында Ұлттық ұлан сарбаздарының рөлі зор. Темірдей тәртіпті сақтайтын жауынгерлер күн-түн демей, ауа райының қолайсыздығына қарамастан қызмет етіп жүр.