Елорда үздіктері

«Астана Тазалық»: Тәулік бойы тәртіп пен тазалықтың күзетінде

Бағаналы орда – басты орданың келбеті тұтас еліміздің келбеті екеніне дау жоқ. «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясының кең ауқымда өткізілуі де елордалықтардың экологиялық мәдениеті деңгейінің жоғары болуы қаншалықты маңызды екендігін көрсеткендей. Салмағы батпан бұл жауапкершілікті Астананың ажары айшықтала түсуі үшін бел шешпей еңбек етіп жүргендер тіпті еселеп сезінеді десек, артық айтқанымыз болмас.

Мұны шаһардың ең басты деген көшелері мен жолдарының жаздыгүні шаңнан, қыстыгүні қардан аршылып, тап-таза боп сайрап жатуына үлес қосып жүрген «Астана Тазалық» мекемесінің қызметкерімен жұмыс барысында тілдескен Elordainfo.kz тілшісі бірден байқады.

Күні кеше 55 жасын атап өткен Арман Ахметжанов осы мекемеде еңбек еткеніне алты жылдан асыпты. Содан бері елордадан 60 шақырым қашықтықта тұратын үйінен таңмен таласып жұмысқа келеді екен.

«Таңғы төрт жарымда ұйқыдан оянып, жұмысқа келеміз. Біраз ел шырт ұйқыда жатқанда жол жұмысшылары таңғы сағат алтыда, кей кезде жетіде құрал-сайманын қолына ұстап, қызу еңбекке кірісіп кетеді. Сегіз сағаттан соң біздің бригадамызды түнгі ауысым алмастырады. Дегенмен біз Үкімет үйінің аумағына жауапты болғандықтан, жұмыс кестесі өзгеріп тұрады. Мәселен, өзге мемлекеттердің басшылары келерде немесе қар жауарда алдын ала хабарландыру беріліп, жұмысқа әдеттегі уақыттан ертерек шығатын күндеріміз де болады. Бригададағы 18 адамның әрқайсысының өз міндеті бар. Негізінен Үкімет үйінің айналасын сыпырамыз, қысқы уақытта қардан тазартамыз. Президенттің жүріп өтетін арнайы трассасы, автомашиналардың тұрақтары, қызметкерлер көтеріліп-түсетін сатыларды ретке келтіріп, алаңдар мен субұрқақтардың арасын тазалаймыз, көгалдарды арамшөптерден арылтып, қоқыс жәшіктерін босатып аламыз», - деді Арман Ахметжанов. 

Фото: Оңалхан Өнерхан

Кеіпкеріміз жұмыстың қиыны қыс маусымында болатынын айтты.

«Әр маусымның өз қиындығы болады. Дегенмен қыстың қиындығы өз алдына бір бөлек. Өйткені қалың қар түседі, ол еріген соң қайта қатады, сөйтіп мұздақтарға айналады. Сондай кезде біз жолдың қарын аршып, мұзын оямыз. Тракторлар күртік қарды қырып алған соң, тиегіші бар көліктің көмегімен КамАЗ-дарға артамыз. Аумақ үлкен болғаннан кейін адамдар жүріп, техника өткен соң, ол жерлерді қайта қар басып қалып жатады. Мұндайда сол орынға кейін оралатын кездер болады», - деді жол жұмысшысы.

Осылайша іргесін 16 жыл бұрын қалаған «Астана Тазалық» мекемесі бас қаланың басты жолдарының тазалығы үдеден шығуы үшін бар күш-қуатын жұмсауда.

Мекеме бүгінде қала аумағының 40 пайыз бөлігіндегі республикалық маңызы бар жолдар мен магистральдық жолдар, даңғылдар мен алаңдар, сондай-ақ барлық мемлекеттік маңызы бар нысандардың тазалығына жауапты. Яғни 6 аудандағы 450-ден астам көше «Астана Тазалық»-тың аялы алақанында десек те болады.

Серіктестік директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ерлан Қалымовтың айтуынша, серіктестік базасында жолдарды күтіп-ұстауға арналған он бес түрлі функциясы бар 450-ден астам техника бар, оның 380-і елорда көшелерін қардан аршуға кірісіп кетті. Мекеме штатында жүргізушілер, механизаторлар, жол жұмысшылары, инженерлік-техникалық қызмет көрсетушілер, кеңсе қызметкерлері, басшылық бар – барлығы 2000-нан аса қызметкер тіркелген. Оның ішіндегі 800-ден астам көлік жүргізушісі мен 600-ден астам жол жұмысшысы елорда көшелерінде 24/7 жүйесінде қармен үздіксіз күресуде.

«Биыл қыс ерте түсті. Айдың басында жауған қар айлық нормасынан асып кетті. Әдетте қарашада жауатын қардың қалыңдығы 29 мм болатын болса, биыл айдың бір аптасының өзінде оның қалыңдығы 44 мм-ді құрады. Бір жұмада қар полигондарына 100 мың тоннадан астам қар шығарылды. Қар тазалау жұмыстары әуелі механикаландырылған әдіспен басталып, қол күшімен жалғасады», - деді Ерлан Қалымов.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Серіктестік өкілінің айтуынша, «Астана Тазалық» мекемесі елорда жолдарын қардан аршуда жаңа әрі тиімді әдістерді енгізіп отыр.

«Бұрын қалада жолдарды мұздан тазалау үшін құм араласқан қоспаны пайдаланған болсақ, биылдан бастап түгелдей реагенттерді қолдануға көштік. Байқап көрген болсаңыз, қазір жолдарда қар кепті, бірақ шаң жоқ. Өйткені біз бұл жолы құм араластырмаған таза реагенттерді ғана шаштық.

Бұған дейін әр жыл сайын жолдарға 40-50 мың тонна құм шашылатын еді. Соның салдарынан шаң көтерілетін. Енді қала сыртындағы базаға екі қондырғы орнатып, сол арқылы былтыр Есіл ауданында, биыл барлық аудандарда 6 мың тонна реагентті пайдаландық. Оның көлемін алдағы уақытта 30 мың тоннаға дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ көлікке GPS пен отын шығынын анықтайтын датчиктер қойылды. Бұл тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін техникаға жұмсалатын отынды 40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік берді Ал құжаттарды цифрландыруға көшіріп жатырмыз», - деді серіктестік өкілі.

Боран мен бұрқасындарда белуардан қар кешіп жұмыс істейтін жұмысшыларға көктем мен күзде де, шаруаға жайлы саналатын жазда да жұмыс аз емес. Мәселен, «Астана Тазалықтың» жұмысшылары қалай сәуір басталды, солай жол сыпыруға шығады, күнделікті міндетке кіретін 14,5 млн шаршы метр жерді жоспарлы түрде жуып отырады. Жол тым лас болғанда, тіпті, арнайы химиялық заттар, сусабындар пайдаланылады.

Қала аумағы ұлғайып, жол қозғалысы көбейген сайын «Астана Тазалықтың» алдына қойылған міндет күннен-күнге артып келеді.

Фото: Оңалхан Өнерхан

«Бүгінде Астана халқы қар қазір жауса, қазір жоқ болғанын қалайды. Дегенмен бұл қаржылық-экономикалық жағынан тиімді емес. Әрі техника мен маманның жетіспеушілігі де қолын байлайды.

Техникамыз қысқы жолды күтіп ұстау үшін тәулік бойы бір тынбай қала көшелерінде жүретіндіктен, тез тозуы да заңдылық. Қар жауғанда сыпыратын техника, одан кейін қарды шығаратын самосвалдар жетіспейді. Бұларды көбіне жалға аламыз.

Дегенмен әкімшіліктің жаңа техниканы алуға қолдау білдіріп отырғаны қуантады.

Жаңадан алынған техникамыздың кейбір түрлері қала бойынша тазалық қызметтерін атқаратын басқа мекемелерде жоқ. Мұндай бірегей техника санын келесі жылы да көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ жүргізуші, механизаторлар жетіспейді. Ал ниет білдіргендердің біліктілігі жетпей жатады. Көп адам жұмыстың уақыты мен қарқынына шыдай алмай кетіп қалады. Оның үсіне елордада ШЫҰ саммиті, Көшпенділер ойындары сияқты ірі халықаралық іс-шаралар жиі өтетіндіктен, қызметкерлердің демалыс, мереке күндерін ұмытып, күн-түн демей үздіксіз жұмыс істеуіне тура келеді. Сондықтан маусымдық жұмысшыларды көптеп тартамыз», - дейді Ерлан Қалымов.

Дегенмен оның айтуынша, серіктестік қызметкерлеріне барынша жағдай жасалған. Астананың саршұнақ аязы қысқанда адамға керегі ыстық ас пен жылы орын емес пе? Мекеме мұны ескеріп, жұмысшыларды арнайы жылы жұмыс киімдерімен толық қамтып, тоңып, шаршағанда ас ішіп, тынығатын орын бөлген. Көбіне Астана маңындағы ауылдардан қатынап жұмыс істейтін қызметкерлерді арнайы көлік тасымалдаса, ал қала ішінен келіп еңбек ететіндерге жолақысы қарастырылған. Жұмыскерлерге шипажайларға жолдама бөлініп, барлық отбасы мүшелерінің спорт залдар мен бассейндерге тегін кіруі ұйымдастырылған. Ал 1 қарашадан бастап тегін ыстық тамақ беріле бастаған. Үздік қызметкерлер марапатталып, мерекелік және мерейтойлық сыйақылар беріліп тұрады. Бүгінде баспанасыз қызметкерлерге жатақхана ұсынып отырған мекеме алдағы уақытта ауыр жұмыстарды атқаратын қызметкерлерге пәтер беруді жоспарлап отыр. Бірқатар әлеуметтік көмек түрі «Таза Қазақстан» экоакциясы арқылы қолжетімді болған, өйткені ел бойынша атқарылып жатқан осындай үлкен іс-шара негізінде мекемеге айтарлықтай көңіл бөлініп отыр.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Басшылық пен жол жұмысшысы Арман Ахметжановтың пікірі бұл тарапта үндестік тапты. Оның айтуынша, бет қарыған аяздарда еңбек ету оңай емес, сондықтан мекеме олардың жұмысын мейлінше жеңілдетуге тырысады.

«Астана Тазалық» жұмыс киімдерін береді. Күртешесі мен байпағы қалың, суық өткізбейді. Тегін ыстық тамағы бар. Сақылдаған аяздарда «Ауа температурасы түскенше күте тұрыңыздар» дейді. Жылынып, тамақтанып алып, жұмысымызға қайта кірісеміз.

Соңғы бір жылда ақшамыз анағұрлым өсті. Көп те емес, аз да емес, отбасымызды асырауға жететін 250 мың теңгедей жалақы аламыз. Оның үстіне мереке сайын, мерейтойларда берілетін сыйақыларды қосыңыз.

Мысалы, мен күні кеше 55-ке толдым. «Астана Тазалық» мекемесінің бас директоры еңбегімді елеп-ескеріп Алғыс хат берді. Кәсіподақтан ақша бөлініп, мерейтойға сыйақы алдым.

Отбасымда әйелім, екі қызым бар. Жұбайым да осы мекемеде жұмыс істейді. 3-4 жыл болып қалды. Бұрын жекеменшік мекемелерде қызмет еткен оны «Осында келсейші, ақшасы жақсы, ай сайын кешіктірмей беріп тұрады» деп қасыма алдырттым. Жылына берілетін еңбек демалысымыз бар, оған сауықтыруға арналған ақы қоса төленеді.

Кейбір адамдар қысқы жұмыстың қиындығына шыдамай кетіп қалып жатады. Бірақ бұрыннан келе жатқандар жұмыстың бағытына үйренген. Арамызда 18 жыл бойы осында еңбек етіп жүргендер бар. Жұмыс істеймін деген адам ештеңені сылтауратпайды. Өзіміз үйренген соң, ауырып-сырқай бермейміз, өйткені үнемі қимыл-қозғалыстамыз, таза ауада тыныс алуымыз да жақсарады.

Біздің қызметімізді көбі лас жұмыс, өте қиын жұмыс деп санайды. Сондықтан да келгісі келмейді. Мен мұнымен келіспеймін. Біз жол жұмысшысымыз, лас-қоқыстармен жұмыс істемейміз, міндеттеріміз де адам шыдай алмайтындай ауыр емес. Жұмыс таба алмай жүрген жандарға, ең бастысы, шыдамдылық болса, еңсермейтін іс жоқ дегім келеді. Ал еңбекпен тапқан нан тәтті, - дейді жол жұмысшысы.

Арман Ахметжанов елордалықтардың экологиялық мәдениеті артып келе жатқанын, алайда темекі қалдықтарын тастай салатын, қоқысты жәшікке жеткізбей төге салатын жандардың әлі де бар екенін айтып қынжылды. Ол таң атқаннан түн батқанға дейін қаланың тазалығы деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтін әріптестерінің еңбегін ел бағаласа екен дейді.

Бұған қоса мегаполисте салынып жатқан құрылыс көп. Сәт сайын қанатын кеңге жайып келе жатқан қала үшін бұл қуантарлық жайт, әрине. Алайда құрылыс компаниялары қалдықтарын шығарарда тазаланған жолдарды лайлап, ластап кетеді екен. «Астана Тазалықтағылар» мұны болдырмас үшін әр құрылыс компанияларында көліктердің дөңгелектерін жуатын арнайы орын болуы қажет екенін ескертеді.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында айтқан еңбек адамының қадіріне жету, адал еңбекті насихаттау идеологиясын ұстанған «Астана Тазалық» серіктестігі дамыған елдермен де тәжірибе алмасып тұруды көздейді. Биыл серіктестік өкілдері Еуропа елдеріне барып, ондағы тазалық мекемелерінің озық үлгілерімен танысып келген болатын. Таяуда өтетін халықаралық Kaztraffic көрмесіне қатысып, үзеңгілестерімен өзара саладағы заманауи жетістіктермен алмаспақ. Осындай жан-жақты білім-білікпен қаруланған мекеме елордалықтарды ортақ игі істі бірлесе атқаруға шақыра отырып, Астананың нағыз тазалық пен тәртіптің үлгісіне айналуына нық қадам баса бермек.