Елорда үздіктері

2024 жылы көпшілікті таңғалдырған елордалықтар (ІІ бөлім)

Астанада әртүрлі оқыс оқиғалар мен қиындықтардан адамдарды құтқарып қалған ержүрек жандар аз емес. Тіпті ұшқыр білімі, спорттағы және сахнадағы жетістігі арқылы Астана атауын асқақтатып жүргендер арамызда жүр. Elordainfo.kz жыл басынан бері жұртшылық назарында болған астаналықтар туралы материалдың жалғасын ұсынады.

Оқи отырыңыз: 2024 жылы көпшілікті таң қалдырған елордалықтар (I бөлім)

Шілде

Астанада «Елдік рухым – домбыра» атты гала-концертте бір сәтте 400 домбырашы бірге күй шертті.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Астаналық спортшылар, соның ішінде Елена Рыбакина, Александр Бублик, Әділбек Мусин, Юлия Путинцева Париж-2024 Олимпиада ойындарына 13 лицензия жеңіп алды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында бүркітші Астананы қоғамдық көлікпен аралап шықты. Одан бөлек автобустарда жолаушылар батырларды көріп үлгерді. Олар қаланы арнайы безендірілген автобуспен жүріп өтті.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорданың Нұра ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі Қырғызстанда өткен Халықаралық байқауда жүлделі орынға ие болды. Қырықтан астам би ұжымы қатысқан өнер додасында астаналық биші әжелер топ жарып алға шықты. Әр номинация бойынша жеңімпаз атанып, бас жүлде мен І орынды еншіледі.

Тамыз

8 тамызда 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен елордалық боксшы Нұрбек Оралбай XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Астанада Нұрбек Оралбайдың жекпе-жегі «Толқын» спорт кешенінде тікелей эфирде көрсетілді. Олимпиада ойындарының финалдық жекпе-жегінде украиналық Александр Хижняк Нұрбектің қарсыласы болды. Финалдық кездесу мыңдаған жанкүйер үшін эмоцияға толы болды және Александр Хижняктың жеңісімен аяқталды.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорда тұрғыны өртеніп жатқан пәтерден жасөспірім қызды құтқарып қалды. Ол  қызыл жалынға оранған пәтерді көргеннен кейін балконнан ішке еш ойланбастан секіріп кірген. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Алтынбек Алтаевпен және оның ұлымен кездесіп, бейбіт күннің батырын марапаттады. Сонымен қатар Астана қаласы ТЖД бастығы Марат Күлдіков Алтынбек Алтаевты көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордалық дәрігерлер ауруханада жүкті әйелді клиникалық өлімнен құтқарып қалды. Келіншектің жүрегі бір сағат ішінде 3 рет тоқтап қалған. Бір ай бойы барлық медициналық қызметкерлердің қажырлы еңбегі арқасында науқас тыныс алуды, тамақтануды, жүруді және сөйлеуді қайта үйренді.

Қыркүйек

Елордалық пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алды. Ақмарал тарихи нәтижені бірінші рет көрсетіп отырған жоқ. Оның есімі еліміздің тарихына пара дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы ретінде енген. Ол осы спорт түрінен Паралимпиадада алтыннан алқа таққан алғашқы спортшы атанды.

фото: Астана қаласы әкімдігі

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан «Пута» нысанасы бойынша өнер көрсеткен Астана қаласының спортшысы Қасымхан Қанат қола медальға ие болды.

Астанада волонтер ата-әжелер 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастыру жұмыстарына атсалысты. Ерікті ата-әжелер таңғы сағат 10-нан бастап белгіленген нысандарда ішкі тәртіп жұмыстарын жүргізді.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана еріктілері 100 келіден аса бауырсақ таратып, шетелдік қонақтарға бауырсақтардың қазақ мәдениетіндегі маңызы және оны дайындау әдісі туралы айтып берді.

Қазан

Ұстаздар күні мерекесіне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ісінде ұзақ жылдар бойы аянбай қызмет етіп келе жатқан Астанадағы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Күшай Тердікбайды марапаттады. Күшай Тердікбайдың шәкірттері бүгінде түрлі салада табысты жұмыс істеп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр.

фото: Akorda.kz

Елордалық 11 жасар Нұрғиса Қуанышұлы Үндістанның Бангало қаласында  көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында шахматтан өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Айта кетейік, Нұрғиса Қазақстан бойынша көру мүшесі зақымданған жастар арасындағы әлем чемпионатарының алғашқы жүлдегері атанды.

Астана қаласындағы БИЛ мектебінің 10-11 сынып оқушылары «Таза Қазақстан. Астана - тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы аясында егістікті арам шөптен тазалайтын робот машина ойлап тапты. KazRobotix деп аталатын робот егістікке қажет емес өсімдіктерді жою үшін қолданылатын гербицид дәрісін сеуіп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Оқушылар бұл роботты бір ай ішінде құрастырған.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Республика күніне орай ұлттық патриоттық сезімді оятатын әндер бойынша елорда мектептерінде «Туған елім – Қазақстаным» атты мега челлендж өтті. Астанадағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде төрт жүз оқушы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.

Елордалық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанды. Тиранада өткен әлем чемпионатында 97 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Ризабек финалда ирандық Махди Морафахты айқын жеңіспен тізе бүктірді.

Елордада бір мезетте үш мыңнан аса домбырашы «Балбырауын» күйін орындап, өнер әлеміндегі бұл ерекше жарқын оқиға Қазақстанның Гиннес рекордтарын тіркеу кітабына енді. Күй мерекесіне мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек дирижерлік етті.

Қараша

5-12 қараша аралығында Үндістанның Гоа штатында өткен пара каратэден Әлем чемпионатында өнер көрсеткен елорданың 5 спортшысы жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты. 

Екі елордалық азамат Ақбұлақ өзенінде суға батып бара жатқан балаларды құтқарып қалды. Жағадан балық аулаған 2014 және 2013 жылы туған екі бала абайсызда өзенге құлап кеткен. Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм мен Роман Стратонов балаларды қауіпсіз жерге алып шықты. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Марат Күлдіков балаларды құтқарғаны үшін оларды алғысхатпен марапаттады.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Еліміздегі үздік 10 ұстаздың қатарына Астана қаласындағы №71 мектеп-лицейінің математика пәні ұстазы Октябрина Жүніс және Экономикалық лицейдің қазақ тілі және әдебиеті пәні ұстазы Нұржан Байсаков қосылды. Үздік он ұстаздың қатарына кірген елордалық екі ұстаздың әрқайсысына 1 миллион теңгеден ақшалай сыйлық табыс етілді.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының №91 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы шахматтан (U8-U12) Италияда өткен халықаралық жарыста екінші рет әлем чемпионы атанып, еліміздің көк байрағын желбіретті.

Елордалық құтқарушылар лифт ішінде қалып қойған балаларға көмектесті. Есіл ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде 3-4 қабаттың аралығында лифтте екі бала қалып қойған. Шақыру орнына келген құтқарушылар 2014 және 2015 жылы туған балаларды құтқарды.

Желтоқсан

Есіл ауданы А. Бөкейхан көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің бірінде 2022 жылы туған бала пәтердің есігін жауып, қайта аша алмаған. Елордалық құтқарушылар шатырдан оныншы қабаттағы пәтерге терезе арқылы кіріп, есікті іштен ашып, баланы құтқарды.

Мысырдың Каир қаласында өткен World Series of Paraswimming әлемдік жарысында Қазақстан намысын қорғау үшін Астана қаласынан аттанған екі спортшы жеңіс тұғырынан көрінді. Жастар арасында 50 метрлік еркін стильде Ерсұлтан Нәметуллаев (S9) пен 100 метрлік брасс бойынша Әли Тұрғанбеков (SB4) қола медаль жеңіп алды.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Тәуелсіздік күніне орай Астана қаласындағы №29 орта мектебінің 700 оқушысы ұстаздармен қосылып, «Мен қазақпын» әнін хормен орындады. Оқушылардың патриоттық сезімін ояту мақсатында ұйымдастырылған бұл челлендж республиканың басқа қалаларындағы оқушыларға жолданды.

Астана қаласындағы 86 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Әбдіқайым Мұхаммедғали шахматтан Тайландта өткен Азия чемпионатында топ жарып, алтын медальға ие болды. Сегіз жасар чемпион Әбдіқайым бұған дейін шахмат ойынынан өткен «Akbulak Open-2023» халықаралық турнирінде бақ сынап, үш мәрте күміс жүлдегер атанған, әлем чемпионаттарына да қатысқан.

фото: Астана қаласы әкімдігі