Елорда жаңалықтары

Жыл соңына дейін тоғыз мектеп ашуды жоспарлап отырмыз - Жеңіс Қасымбек

Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

« Білім ошақтарының құрылыс барысымен таныстым. Жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматтағы 24 мектеп салынады. Жыл соңына дейін ашылатын мектептерді ескерер болсақ, тапсырылатын жайлы мектептердің жалпы саны 17 болмақ.

Мәселен, қыркүйек айында 15 мектеп аштық. Олардың тоғызы – «Жайлы мектеп» жобасы аясында. Жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашамыз, оның сегізі – ұлттық жоба аясында. Осылайша, тоғыз жаңа мектеп екі ауысымда тағы 30 мыңнан астам оқушы орнын құрады. Бұл оқу орындары тағы 4 мектепте үш ауысымды оқыту, 3 мектепте тығыздылығы жоғары режимі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», - деді Ж.Қасымбек. 


Сондай-ақ, ол алдағы жылдарға да дайындық жасалып жатқаны, 2025 жылы тағы 20-дан астам мектепті салу және пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жазды. Оқу орындарының құрылысына жеке инвестициялар да тартылмақ.