Елорда жаңалықтары

ЖИ бойынша халықаралық сарапшылар Астанада бас қосады

2–4 қазан күндері Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық форумы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл іс-шарада жасанды интеллект, цифрлық трансформация, венчурлық капитал, ғылым мен білім саласының әлемдік сарапшылары бас қосып, өзара пікір алмасады.

Форум Generative Nation тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл – Қазақстанның жаңа технологияларға негізделген білімді қоғам құруға және адам капиталын дамытуға бағытталған стратегиялық ұстанымының айғағы. 

Форумның басты қонақтарының бірі – Біріккен Араб Әмірліктерінің жасанды интеллект жөніндегі министрі Омар Әл-Олама. Ол 2017 жылдан бері елдің цифрлық саясат бағытына жауапты және 2023 жылы Time журналының «AI саласындағы ең ықпалды 100 тұлға» тізіміне енген. Оның мемлекеттік цифрлық стратегия құрудағы және халықаралық ынтымақтастық орнатудағы тәжірибесі Digital Bridge 2025 пікірталастарына тың серпін береді.

Жасанды интеллектің болашағы тақырыбын әлемге танымал футуролог, Sinovation Ventures венчурлық қорының негізін қалаушы әрі 01AI компаниясының бас директоры Кай-Фу Ли жалғастырады. Бұған дейін ол Google China-ны басқарған, Microsoft Research Asia орталығын құруға атсалысқан. «AI 2041» атты кітабы әлемдік бестселлерге айналған ол енді форумда жасанды интеллектің ертеңімізге ықпалы жөніндегі өз көзқарасын ортаға салады.

Сонымен қатар Стэнфорд бизнес мектебінің профессоры, венчурлық капитал жөніндегі беделді зерттеуші Илья Стребулаев технологиялардың жаһандық экономикаға әсері туралы әңгімелейді. Оның ғылыми еңбектері әлемдік басылымдарда жарияланып, ғылыми идеялардың табысты бизнеске қалай айналатынын дәлелдеп келеді. 

Форум тек дәстүрлі тақырыптармен шектелмейді. Ағылшын футболының аңызы Сол Кэмпбелл спорттағы жасанды интеллектің қолданысы туралы ойымен бөліседі. Ал компьютерлік ғылымның классиктері – әйгілі ғалым Питер Норвиг пен Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт жасанды интеллект пен алгоритмдердің болашағы жайлы әңгіме өрбітеді.

Digital Bridge бүгінде өңірдегі ең ауқымды IT іс-шара ретінде танылды. Алты жылдың ішінде форум 100 елден 67 мыңнан астам қатысушының басын қосып, мыңнан аса спикер мен 550 мемлекеттік және халықаралық ұйым өкілдерін бір алаңға жинады.

Форумды Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырады.