Елорда жаңалықтары

Жер учаскелерін жалға беруде мыңнан астам шарттарда заң бұзушылық анықталды

Бұл туралы Астана қаласы Прокуратурасы басқармасының прокуроры Тархан Закарин Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, кәсіпкерлермен жер учаскелерін жалға беру туралы жасалған шарттарда, шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шартты бұзу тәртібі және еңсерілмейтін күш мән-жайлар туралы үлгілік шарттың 5 және 7 тараулары көзделмей, кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтірілген. Ондай заң бұзушылықтары бар 1 268 шарт анықталып, 289 бизнес субъектісінің құқығы қорғалды.

«Салық кодексінің 96-бабына сәйкес, тәуекел дәрежесі төмен бұзушылықтар бойынша камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабархат ресімделудің орнына, салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы 1000-нан астам хабарламалар негізсіз ресімделген.

Енгізілген ұсынумен 1159 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Бұдан басқа кәсіпкерге қатысты санитариялық-эпидемиологиялық заңнама саласында шығарылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулының күші жойылды.

Кәсіпкердің санитарлық-эпидемиологиялық заңнаманы бұзғаны үшін кінәсі жоқ екендігіне қарамастан, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 425-бабымен жаза қолданылып, 849 мың теңге айыппұл салынған.

Прокурордың наразылығы негізінде заңсыз актінің күші жойылды.

Басқа мысал, прокуратура 9 кәсіпкердің қызметінде құрылыс нормаларының сақталуына тексеру жүргізу туралы хатты заңсыз деп танып,  заңсыз тексерудің алдын алды», - деді Т.Закарин.

Спикер, сондай-ақ, тексеру жүргізу тәртібі Кәсіпкерлік кодексімен реттелетінін айтты.

«Елорданың прокуратура органдарының мобильді топтары белсенді жұмыс жасауда.

Мысалы, мобильді топқа келіп түскен сигналдан қоғамдық ұйым тарапынан кәсіпкерлерді қорқытып алу, яғни заң бұзушылықтарды хабарламағаны үшін 7 кәсіпкердің әрқайсысынан 25 000 теңге көлемінде ақша талап ету фактісі анық болды.

Сот үкімі негізінде қоғамдық ұйымның жауапты тұлғалары ҚК-тің 194-бабының 2-бөлігінің 2,3-тармақшалары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Одан бөлек, мобильдік топқа жеке кәсіпкерден тексеру тағайындау туралы актісіз тексеріс жүргізу, құжаттарды сұрату туралы хабарлама түскен.

Нәтижесінде, жауапты лауазымды тұлға ӘҚБтК-тің 175-бабының 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды», - деді ол.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.