Елорда жаңалықтары

Жеңіске бірге жүгір: Ботаникалық саябақта 1200 әуесқой спортшы бас  қосты

Бүгін қала тұрғындары Ботаникалық саябақта 4 шақырым қашықтықты бағындырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының жексенбісі қарлы, жел және суық болды. Бірақ бұл салауатты өмір салтын ұстанушылар үшін еш кедергі емес. Сондықтан елорданың көрікті жерінің бірінде 1000-нан астам әуесқой жүгірушілер жиналды.

«Бұқаралық жүгіру шарасы - қала тұрғындарын ең көп жинайтын спорттың бірі. Сәуірден бері тұрақты түрде өткізіліп келетін жүгірістерге уақыт өткен сайын адам қарасы артуда. Міне бүгінгі спорттық шара соның айқын дәлелі. Қандай мезгіл болмасын, спорттық жүгірістерді тоқтатпаймыз. 16 қараша күні «Отбасылық марафон» ұйымдастырылса, 21 қарашада түнгі жүгіріс жоспарланған. Желтоқсан айында да тұрғындарды бірнеше ірі жарыстар күтіп тұр. Нақтырақ айтатын болсақ, 8 желтоқсан күні Триатлон саябағында «Astana Run», желтоқсан айының ортасында жыл сайынғы «Qysqy jugiru» жарысы және 31 желтоқсан күні Ботаникалық саябақта жаңа жылдық кешкі мерекелік бұқаралық жүгіру өтеді. Жүгіруге деген қызығушылықтың арқасында шаралардың саны да артып жатыр», - деді жарыстың бас төрешісі Дәулет Хамзин.
 

Жүгіріске жиналған қатысушылардың ең жасы 11-де болса, ең егдесі - 65 жасты құрады. Әуесқой жүгірушілер тек қана 4 шақырымды еңсеріп қана қоймай, арнайы естелік медаль алды.

«Бүгін ауа-райы 0 градусты көрсетті. Көпшілік үшін салқын болса да, мен футболкамен жүгіре беремін. Неге? Себебі, біз «Морж бодрость» деген клубтың мүшесіміз. Арнайы суықта жүгіріп, суға түсуге денеміз шыныққан. Мысалы, 2021 жылы -27 градуста 21 шақырым қашықтықты еш киімсіз 1 сағат 48 минутта бағындырдым. Нәтижесінде Кинэс Қазақстан рекордтар кітабына кірдім. Барлықтарыңызды қандай спорт болса да, айналысуға шақырамын. Ауырмаңыздар!», - деп Руслан Мамбетов атты қатысушы өз ойын білдірді.


Шара соңында IPhone 15 Pro смартфоны мен 5 велосипед лотерея арқылы ойнатылды.