Елорда жаңалықтары

Жеңіске бірге жүгір: Астаналықтар ерекше түнгі жүгіріске қатысты

Бүгін қала тұрғындары 21:00-де Ботаникалық саябақта 4 шақырым қашықтықты бағындырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының жұма түнінде сынап бағамы -8 градусты көрсетіп тұрса да, ұйымдастырушылар 1000 адамдық лимит қойса да, Ботаникалық саябақта салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қарасы әдеттегідей өте көп болды. Кезекті ерекше «Түнгі жүгірісте» 1 500-ге жуық әуесқой спортшы тіркелді.

«Бір жылда Астана қаласында 800-дей спорттық шара өткіземіз. Оның ішінде 34 мәрте марафондық жүгіріс ұйымдастырылды. Әйтсе де 2024 жылы алғаш рет «Түнгі жүгіріс» болды. Бірақ қала тұрғындары Жаңа жылдың алдында дәстүрлі түрде жүгіретіндіктен, бұл алғашқы тәжірибеміз деп айтуға келмейді. Неге Ботаникалық саябақ таңдалды? Өйткені, біріншіден, көптеген қатысушылар үшін тиімді локация. Екіншіден, қаладағы жол қозғалысына ешқандай кедергі келтірмей, емін-еркін, қауіпсіз түрде жүгіре аламыз. Үшіншіден, жүгіру жолағымен қамтылғандықтан, жарақат алу мүмкіндігі төмен. Бұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлі алда отбасылық марафон жоспарымызда тұр», - деп Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек пікірін білдірді.

Жүгіріске жиналған қатысушылардың ең жасы 10-да, ең егдесі 68 жаста болды. Әуесқой жүгірушілер тек қана 4 шақырымды еңсеріп қана қоймай, суық ауа райында ыстық шай мен сэндвичке қарық болып, арнайы естелік медаль алды.

«Түнгі жүгірістің қандай артықшылығы бар? Меніңше, бұл - таңғы уақытта жаттығып үлгермеген жандар үшін керемет спорттық шара. Жалпы жүгіру адамның өмірін дұрыс тәртіпке салатынын байқай бермейміз. Өз мысалымды айтатын болсам, пандемия уақытында артық салмақтан арылу мақсатында жүгіріп, денемді қалыпқа келтірдім. Одан кейін жүгірудің жаттығуын дұрыс жасауды үйреніп, суды қай кезде ішетіндігін меңгердім. Артынша мамандықтарымыз әртүрлі болса да, жүгіру арқылы көптеген жаңа әрі сенімді достар таптым. Бастысы – жүгірудің арқасында болашақ жарыммен таныстым. Сондықтан жүгіруді тоқтатпаңыздар!», - деді жарысқа қатысушы Нұрбек Борбин.

Шара соңында IPhone 15 Pro смартфоны мен 5 велосипед лотерея арқылы ойнатылып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қатысушылар қоқыстарын жинап кетті.