Жеңіс Қасымбек: Шырша шамын жағу рәсімі арқылы Жаңа жыл мерекесі басталады
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram- дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елорда әкімі енді аудандық әкімдіктер мен жауапты басқармалар балаларға арнап шырша тойын ұйымдастыратынын айтты.
«Елордада 30-дан астам мерекелік шыршаның шамы салтанатты түрде жағылды. Қаланың барлық ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, шағын архитектуралық нысандар, фотоаймақтар сияқты түрлі ойын-сауық түрлері ұйымдастырылды.
«Қазақ Елі» монументінің алаңында және «Астана Арена» стадионының тұрағында ең биік 25 метрлік шыршалардың шамы жағылды. Бұл орындарда да концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды», - деді Ж.Қасымбек.
Қала әкімі шырша шамын жағу рәсімі арқылы Жаңа жыл мерекесі басталғанын айтты. Осыдан соң аудандық әкімдіктер мен жауапты басқармалар балаларға арнап шырша тойын ұйымдастыратын болады.
«Қаланың барлық ауданында жаңажылдық безендіру жүргізілді. Қысқы маусымда мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар сияқты 60-қа жуық орындар елордалықтарға тамаша көңіл күй сыйлайтын болады», - деді ол.
Сонымен қатар қала әкімі Жаңа жыл қарсаңында барша елордалықтар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл күй, отбасыларына амандық, зор денсаулық тіледі.
«Елордамыз дамып, өркендей берсін!», - деген лебізін білдірді қала әкімі.