Әкім мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесуде қолжетімді орта мәселесін талқылады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мүмкіндігі шектеулі жандармен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, сол сияқты ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен тұрақты түрде кездесіп тұрамын. Бірлесе отырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартамыз.
Кездесуде инватакси, халықтың қауқары аз топтары үшін қолжетімді орта, тротуарлар мен аялдамалардың ыңғайлылығы және т.б. мәселелерді талқыладық. Жаңа қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды, жаяу жүргіншілер тротуарлары мен жолдарды абаттандыру барысында барлық санаттағы адамдардың мүдделерін ескереміз.
Сондай-ақ, маңызды мәселе – инватакси. Жыл сайын инватакси санын көбейтіп жатырмыз. Мәселен, бұрын 50 машина болса, алғашқы кезеңде 113 машинаға дейін арттырдық. Қазір инватакси саны – 147. Бірақ бұл да қаланың қажеттілігін толық қамти алмайды. Сол себепті олардың санын арттыруды ары қарай да жалғастырамыз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімі, сонымен қатар, мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу, осы санаттағы адамдармен жұмыс істеу үшін мамандарды оқыту жалғасатынын айтты. Сол сияқты колледж базасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды жаңа мамандықтар бойынша және т.б. оқытылмақ.
Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды.