Елорда жаңалықтары

Жеңіс Қасымбек Астана құрамасының шахматшыларымен кездесті

Бұл туралы қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жас спортшылар қаламыз бен еліміздің намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап, ақыл-ойдың күшін, сол сияқты табандылықтары мен таланттарын көрсете білді. Олар халықаралық шахмат олимпиадасында, әлем чемпионатында, Батыс Азия чемпионатында, Азия чемпионатында және т.б. жарыстарда керемет нәтижелер көрсетті. Сонымен, қыздар арасындағы жастар құрамасын 2024 жылы Венгрияда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасындағы күміс медалімен шын жүректен құттықтаймын! Командамыз мықты қарсыластардың бірі саналған Әзербайжан мен Польша құрамаларын жеңді, сол сияқты Грузия және АҚШ командаларымен тең түсіп, 169 елден келген қатысушыларды басып озды», - деді әкім.

Сондай-ақ әкім шахматты қолдауды ары қарай жалғастыратынын айтты.

«Елордамыздың шахматшылары Меруерт Қамалиденова мен Әмина Қайырбекованың қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Олар ел намысын әлем алдында қорғай отырып, шеберлігін, мықтылығын және командалық рухтың жоғары деңгейін көрсетті. Біз сіздерді мақтан тұтамыз! Өз тарапымыздан шахматты қолдауды жалғастырамыз және балаларымыздың өсуіне, үлкен жетістіктерге жетуіне көбірек мүмкіндік беру үшін барлық жағдайды жасаймыз!», - деді Жеңіс Қасымбек.